Ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында айтты. Президент әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қоғамдастығымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек екенін айтып, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсауды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елімізде әлемнің ең үздік 33 жоғары оқу орнының филиалдары ашылған. Бұл шара тек серіктестікпен шектелмеуі керек, бәсекеге қабілетсіз филиалдардың қажеті жоқ деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда сана ревалюциясын жасауды ұсынды. Яғни, енді студенттерді кәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық бағытта оқытуды тапсырды. Ғылыми қалашықтарды көбейту бойынша да жұмыс тоқтамайды. Мемлекет басшысы еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығына үндеу жасады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанның ертеңі қандай болатыны, инновациялық және озық елге айналу мүмкіндігі сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жасаған еңбектеріңіз бен ашқан ғылыми жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Күш-жігер біріктіріп, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыра аламыз. Мен бұған сенімдімін.