Қазақстан Үкіметінің 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді. Құжатқа сәйкес, тұжырымдаманы іске асыру мерзімі 2029 жылдың соңына дейін ұзартылды.
Жаңартылған тұжырымдама денсаулық сақтау жүйесінде анықталған мәселелер мен халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Құжатта саланы одан әрі дамытудың бағыты айқындалып, тиімді әрі орнықты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру көзделген.
Негізгі бағыттар ретінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы арасындағы теңгерімді сақтау, халық денсаулығын кешенді басқаруды дамыту, емделушіге бағытталған қызмет көрсету үлгісін енгізу және саланы цифрландыруды кеңейту белгіленген.
Сондай-ақ медициналық ғылымды дамыту, кадр әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және фармацевтика өндірісін күшейтуге бағытталған шаралар қарастырылған.
Негізгі қағидаттар қатарында медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, аурудың алдын алу мен денсаулықты сақтауға басымдық беру, басқарудың ашықтығы, шешім қабылдауда деректерді тиімді пайдалану, сондай-ақ қоғамдық денсаулық саласындағы дағдарыстарға жүйенің дайын болуы көзделген.
Сонымен қатар тұжырымдаманы іске асыруға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.
Күтілетін нәтижеге сәйкес, 2029 жылға қарай Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 77 жасқа дейін ұлғайып, негізгі жұқпалы емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітім деңгейі төмендеуі тиіс.