Биыл терроризм мен экстремизм бойынша 17 адам сотталды

Фото: pixabay.com

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері тергеп-тексерілген қылмыстық істер аясында 17 адам террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Ведомство дерегіне сәйкес, сотталғандардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны. Ол 2017 жылы шетелге кетіп, халықаралық террористік ұйымдар жағында ұрыс қимылдарына қатысқан. 2025 жылы шетелдік серіктестермен бірлескен операция барысында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Тағы бір іс бойынша Көкшетау қаласының тұрғыны жауапқа тартылды. Ол 2013 жылдан бері шетелде болып, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизм идеяларын насихаттаған. ҰҚК мен шетелдік арнайы қызметтердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде ол ұсталып, елге жеткізілді. Сот шешімімен 9 жыл 6 айға сотталды.

Сонымен қатар, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола және Ұлытау облыстарында террористік қылмысқа қатысы бар 6 діни радикал ұсталған.

Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тағы 4 адамға қатысты жаңа айыптар тағылды. Олар сотталғандар арасында терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернетте және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, өзге көзқарастағыларға қарсы күш қолдануға шақырған.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.