Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Ораза айтпен құттықтады

Күллі мұсылман қауымы үшін ең ұлық мереке — Ораза айт келді. Отыз күн ораза тұтып, рухани тазарған жұртшылық бүгін таңды айт намазымен қарсы алды. Тұтас бір ай бойы ниет етіп, нәпсіні тыйған жамағат үшін бұл күн — жасаған игі істер мен сауапты амалдардың қайтарымы іспеттес.  2 млрд мұсылман бұл мейрамда сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтарын дәріптейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді. Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Ораза айт қабыл болсын!

Айт сөзі мерекелеу, қуанышқа топтасу, хәл сұрасу, бір-бірін қуанту деген мағыналарды білдіреді. Әсіресе, айт күні отбасын, ағайын-туысты, көмекке мұқтаж адамдарды, қарттар мен қараусыз қалған балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантудың сауабы мол.    Исламдағы ұлық мерекелер барша адамзаттың  жүрегіне қуаныш сыйлауға үндейді.  Айта кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталды. Ал 16-нан 17 наурызға қараған түні мың айдан да қайырлы Қадір түні өтті. Ендігі кезекте мұсылман қауымы тағы бір ұлық мерекені күтеді. ҚМДБ кестесіне сәйкес, биыл Құрбан айт мамыр айының 27-сі мен 29-ы аралығына сәйкес келмек.

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

Ораза айт адамдар арасындағы бауырмалдықты арттырып, татулық пен сыйластықты нығайтатын ұлық мерек. осы айт күні бір-бірімізге ізгі тілектер айтып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен араласып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қоғамымыздағы бірлік пен берекені арттыра түсуіміз керек. Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла тағала сіз бен бізді келесі рамазанға дейін аман-есен жеткізіп, мол сауапқа кенелуді нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай.