Трамп: «Иранға құрлық әскерін жібермеймін»

Сендер Перл-Харборға шабуыл алдында неге ескертпедіңдер? Трамп көпшілікті күлдіремін деп, ыңғайсыз жағдайға тап болды. Журналистің сұрағына жауап беремін деп, жанында отырған Жапония Премьер-министрін мазақ етті. Трамп Иранға құрлық әскерін жібермеймін, - деп ресми түрде жауап берді. Бірақ, АҚШ Қорғаныс Министрлігі Конгресстен соғысты жалғастыруға 200 млрд доллар қосымша қаражат сұрады. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, жақын арада мұнай бағасы төмендейді, алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге жауап бере алмайтын сұрақ қойды. Журналистің неге Иранға соққы жасаудан бұрын одақтастарыңызға ескертпедіңіз деген сұрағына: «Жапония неге 41-і жылы Перл-Харборға шабуыл жасау алдында ескертпеді?», - деп көпшілікті күлдірді. Алайда, Санаэ Такаичи не дерін білмей, абдырап қалды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біріншіден, біз кенеттен соққы жасауды көздедік. Бұл ойымыз жүзеге асты. Жоспарымыздың жартысын алғашқы сағаттарда орындап тастадық. Кішігірім тосынсый болды. Жалпы, тосынсый туралы Жапониядан жақсы ешкім білмейтін шығар. Мәселен, Перл-Харборға шабуыл жасаудан бұрын неге ескертпедіңіздер? Кенеттен соққы жасау туралы бізден жақсы білетін елдер де бар.

АҚШ Иранға құрлық әскерін жібермейді. Трамп бұл туралы ресми мәлімдеді. Осылайша, көптен бері ел аузында жүрген сыбысты жоққа шығарды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз жағдайды өз бақылауымызда ұстағымыз келеді. Дегенмен, мен қосымша құрлық әскерін жібермеймін. Себебі, онсыз да біз жеңіске жетіп жатырмыз. Ал, құрлық әскеріне көп ақша керек. Біздің жоспарымыз өзгеше.

Алайда, АҚШ Қорғаныс Министрлігі Конгресстен қосымша 200 млрд доллар бөлуге сұраныс жіберді. Пентагон басшысы Пит Хегсет, қосымша түсініктеме бермей, қысқа жауаппен шектелді.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Бұл сома 200 млрд доллардан да көп болуы мүмкін. Өкініштісі, оңбағандарды өлтіру үшін көп ақша керек. Сондықтан, Конгресске жүгінеміз. Ол ақша осы уақытқа дейін жұмсалған оқ-дәрілер мен снарядтар және зымырандардың қорын толтыруға да жұмсалады. Бірде-бір цент бос жұмсалмайды.

Мұнай бағасы түседі. Барлығы жақсы болады. Алаңдауға негіз жоқ. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху көпшілікті алаңдауға негіз жоқ, - деп сендіруге тырысты.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз осы жолы Иранның өнеркәсіптік инфрақұрылымын жермен-жексен ете бастадық. Иранның әуе-қорғанысы кешендерінің түк пайдасы жоқ. Теңіз күштері мұхиттың түбіне жетіп қалған да шығар. Мұнай бағасының аяқ-асты көтерілгеніне келер болсақ, ол уақытша процесс. Біраз уақыттан кейін, алдыңғы межеге қайта түседі. Алаңдауға негіз жоқ. Ара-тұра болып тұратын процесс.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кезекті оқу-жаттығуға қатысты. Қатысып қана қоймай танкке отырып, біраз қашықтық жүрді. Ең қызығы бұл танкты қызы  Ким Чжу Э айдады. Кей мамандардың айтуынша, ол болашақта әкесінің тағына отыруға дайындалып жүр.