Күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы еріген Әз-Наурыз қарсаңында табиғат қана емес, адам баласы да жаңаруға ұмтылады. «Наурызнама» онкүндігі аясында ата-бабамыздан қалған «тазалық - иманның жартысы» деген ұлы ұғым қайта жаңғыруда. Қоршаған ортаны қастерлеу мен табиғатпен үндесудің мән-маңызы туралы әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатады.
Көктемнің шуағымен бірге жер ана бусанып, тіршілік атаулы оянатын шақ туды. Халқымыз үшін бұл кезең - тек мереке ғана емес, рухани тазару мен айналаны ретке келтірудің нышаны. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген өсиетке адал жұртшылық бүгінде ескі-құсқыдан арылып, айналасына көрік беруге көшкен.
БҰЛБҰЛ КӘПҚЫЗЫ, ЭТНОГРАФ:
Жалпы Наурыз мерекесін тойлағанда жәндіктің бәрі жаңарып, дүниенің бәрі жаңарып жатыр ғой. Жаңа күн басталып жатыр. Сондықтан біз қора-қопсымызды тазалап, келесі әдемі көк қияқтың өсуіне жол ашып, бұлақтың көзін ашып, табиғатты өзін жаңартып, және адамдардың өзі де "айдан аман, жылдан есен шықтық, енді бір жылдағы өткен реніш, қайғы-мұңымыз кетсін " деп өздерінің де бойын тазартып, бір-біріне кешірім беріп, солай бір халқымызда әдет боп қалған. жаңа өсіп келе жатқан талдың түбіне жаңарып жатырмыз, ағарып жатырмыз деп "ақ құю" дәстүрін орындаған қазақ
Бұл игі үрдіс ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі іспетті. Бүгінгі буын өкілдері де қолдарына күрек алып, қариялардың ауласындағы қысқы қардың соңғы сілемін тазартып, көктемгі қарбаласқа өз үлестерін қосуда.
АЯЖАН БЕГЕМБАЕВА, ЕРІКТІ:
Біздің ата-бабаларымыз бұрыннан бері наурызды "Жаңару күні" деп ойлайтын. Сонымен қатар тазалықты әрқашан сақтайтын. Біз волонтерлер бүгін жалғызбасты әженің үйіне сол наурыздың тазалық күні аясында қар тазалауға келдік.
Тазалық бар жерде - береке, ұқыптылық бар жерде ырыс болары хақ. Сондықтан жастар саябақтарды абаттандырып, тал егуді тек науқандық жұмыс емес, перзенттік парыз ретінде қабылдайды.
ДИЛЬНАЗ РУСЛАНҚЫЗЫ, ЕРІКТІ:
Наурыз - тек мереке емес, ол - тәрбие. Табиғатты аялау, тазалық сақтау - біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Осы мереке аясында басқа еріктілермен бірге аулаларды тазалап, ағаш отырғыздық. Бұл біз үшін жай ғана тазалық жұмысы емес, табиғатқа деген құрмет.
АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Наурыздың нағыз мәні табиғатпен тілдесу мен айналаны мейірімге бөлеуде жатыр. Қолға күрек алып, аула тазарту жай еңбек емес, өткеннің өнегесі мен бүгінгінің берекесі. Өйткені тазалық - табиғаттан басталады.