Ақ үй Гарвард университетін сотқа берді

Фото: agenzianova

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 20 наурыз күні Гарвард университетіне қарсы федералдық сотқа талап арыз түсірді.

Әділет министрлігі оқу орнын 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылдарынан кейін еврей және израильдік студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді деп айыптап отыр, деп хабарлайды Аgenzianova.

Массачусетс округінің федералдық сотына берілген 44 беттен тұратын құжатта университетке азаматтық құқықтар туралы федералдық заңды бұзды деген айып тағылған. Талап арызда Гарвард «еврей және израильдік студенттерге қатысты кемсітушілікке әдейі жол берді және оларға қарсы қысымға немқұрайды қарады» деп көрсетілген.

Бұл іс Трамп әкімшілігі мен Гарвард университеті арасындағы ұзаққа созылған даудың бір бөлігі саналады. Президент Ақ үйге қайта оралғаннан бері әкімшілік университетке бөлінетін миллиардтаған доллар көлеміндегі федералдық қаржыландыруды тоқтатуға тырысып келеді. Себеп ретінде кампустағы антисемитизммен күрестің жеткіліксіздігі айтылған.

Өз кезегінде Гарвард та сотқа жүгінген. Қыркүйек айында федералдық судья университетке бөлінетін шамамен 2 миллиард доллар қаржыны бұғаттау АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуіне және федералдық заңдарға қайшы келеді деген шешім шығарған.