Орталық әскери оркестрдің музыканттары қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

Фото: Қорғаныс министрлігі

Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің әскери қызметшілері «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында айрықша музыкалық қойылым ұйымдастырды.

Мерекелік акция елорда тұрғындары мен қонақтарына тамаша тарту болды. Орталық әскери оркестрдің әскери дирижері, лейтенант Абзал Иманғалиевтің айтуынша мұндай қойылымдар жақсы дәстүрге айналған.

— Наурыз — жаңару, ізгілік пен келісім мерекесі. Адамдарға музыка арқылы қуаныш сыйлап, жүректерді табыстырып, ортақ құндылықтарымызды еске салу — біз үшін үлкен мәртебе, — деп атап өтті ол.

Әскери оркестрдің орындауында классикалық шығармалармен қатар, танымал қазақ және шетелдік композициялар шырқалып, көпшілікке мерекелік көңіл күй тарту етілді. Погон таққан музыканттардың ойламаған жерден сауда орталығында пайда болуы келушілерге нағыз тосынсый болды. Көрермендер оларды жылы қарсы алып, телефондарына түсіріп, зор қошемет көрсетті.