Президент Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды

Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды.

" 70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді.Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де — ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі.

Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек", — деді Мемлекет басшысы.