Қазақстан Президентінің атына Наурыз мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде.

Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін атап өткен.

Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатына ие. Бұл байланыстар қос халықтың игілігі үшін және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесіне сай алдағы уақытта дәйекті түрде дами түсетініне кәміл сенемін, – делінген жеделхатта.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет басшысы мен қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың деніне саулық, еңбегіне табыс тіледі.

Былтыр Сізбен екі мәрте кездестік. Біз екіжақты қарым-қатынас пен түрлі саладағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты әрі мәңгі стратегиялық серіктестіктің жаңа даму кезеңіне жедел қадам бастық. Мен өзара саяси сенімді тереңдетуге, сан қырлы ықпалдастықты нығайтуға және тағдыры ортақ Қытай-Қазақстан қоғамдастығын одан әрі дамытуға әрі іске асыруға Сізбен бірге күш жұмылдыруға әзірмін, – деп жазды Қытай көшбасшысы.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ерте заманнан келе жатқан мереке екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етіп, өзбек-қазақ халықтарының тұрмыс-тіршілігіндегі айтулы күн деп санайды.

 Жоғары деңгейдегі диалогты жандандырудың және бірлескен күш-жігердің арқасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара құрмет пен қолдауға негізделген стратегиялық қарым-қатынас пен одақтастық жоғары сапалы деңгейге көтерілді. Алдағы уақытта да осы бағыттан айнымаймыз деп сенемін, – делінген жеделхатта.