Алматыда «KitapFest-2026» ауқымды екі күндік кітап фестивалі өтті

Мәдениет министрлігі

Бүгін Алматының Арбат алаңында «KitapFest-2026» кітап фестивалінің екінші күні өтті. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл іс-шара мәресіне жетті.
Екі күн ішінде фестивальге 40 000-ға жуық адам келіп, 15 000-нан астам кітап сатылды.

Фестивальге еліміздің 40-тан астам баспасы қатысып, классикалық әдебиеттен бастап заманауи бестселлерлерге дейінгі таңдаулы туындыларын оқырман қауымға ұсынды. Жәрмеңкенің басты ерекшелігі болған AR-кітаптар қатысушылардың қызығушылығын оятты.

Мәдени іс-шара аясында Байахмет Жұмабайұлы, Бигелді Ғабдуллин, Маралтай Райымбекұлы, Асылы Осман, Бейбіт Сарыбай сынды ақын-жазушылармен және қоғам белсенділерімен әдеби кездесулер өтіп, жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдері ұйымдастырылды.

Биылғы «KitapFest-2026» фестивалінің басты жаңалығы – заманауи технология мен ұлттық дәстүрді ұштастырған «Smart киіз үй» интерактивті алаңы болды. Бұл ерекше цифрлық кеңістікте қала тұрғындары мен қонақтарына өзіне-өзі қызмет көрсету аппараты және сирек әрі құнды кітаптардың мазмұнды көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, келушілер көне басылымдарды қалпына келтіру үдерісін тікелей тамашалап, кітаптарды қайта жаңғырту барысымен танысты. Сондай-ақ, «Smart киіз үй» қонақтары VR-көзілдірік арқылы әлемнің ең дамыған кітапханаларына виртуалды саяхат жасап, арнайы AI-фотобудкада естелік суреттерге түсті.

Фестиваль аясында Алматы кітапханаларының мобильді қосымшасы алғаш рет таныстырылып, оқырмандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. Енді кітапхана қызметтерін ұялы телефонға қосымшаны жүктеу арқылы кез келген уақытта қолжетімді пайдалану мүмкіндігі бар.

іс-шара барысында ұлттық және дәстүрлі өнерге ерекше мән беріліп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін дәстүрлі қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Әдеби шығармалардағы «жанды» кейіпкерлер бейнесінде өнер көрсеткен қатысушылар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Фестиваль мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, дәстүрлі ән мен домбыра үні көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Екі күн ішінде «KitapFest-2026» фестивалі қала мәдениетінің маңызды оқиғасына айналып, дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырды. Интерактивті аймақтар, жазушылармен кездесулер және инновациялық цифрлық шешімдер қала тұрғындары үшін біртұтас мәдени кеңістік қалыптастырып, шабыт сыйлаған ерекше атмосфераны қалыптастырды әрі Алматының мәдени өмірінің дамуына ықпал етті.