Шымкентте рейдтік іс-шара барысында 100-ден астам шетел азаматы мен азаматтығы жоқ тұлға ел аумағынан шығарылды.
Шымкент қаласында көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатында ауқымды рейдтік-профилактикалық іс-шара қорытындыланды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, үш күн ішінде шаһарда көші-қон заңын бұзудың 710 дерегі анықталды.
— Құқық бұзушылардың қатарында шетел азаматтары да, қазақстандықтар да бар. Олардың барлығы заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ рейд кезінде елімізде болу қағидаларын сақтамаған 276 шетел азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
— Сот шешімімен 103 шетел азаматы мен азаматтығы жоқ тұлға ел аумағынан шығарылды. Бұл іс-шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасын сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған, — делінген полиция таратқан ақпаратта.