Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен өткен жоғары деңгейдегі диалогқа қатысты.
Іс-шара барысында елдердің End TB стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу және туберкулезбен күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жаһандық күш-жігері талқыланды.
Өз сөзін бастаған министр адам денсаулығын сақтау үшін әлемдік қауымдастық күштерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан End TB жаһандық стратегиясы шеңберінде туберкулездің профилактикасы, ерте анықтау және емдеу бойынша жүйелі шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары елімізде туберкулезге қарсы көмектің жүйесі едәуір жаңғыртылды», – деді ведомство басшысы кездесу қатысушыларына арнаған сөзінде.
Қазақстанда заманауи молекулалық-генетикалық диагностика әдістері енгізілген, олар бірнеше сағаттың ішінде аурудың бар-жоғын және қоздырғыштың дәрілік препараттарға сезімталдығын анықтауға мүмкіндік береді. Заманауи зертханалық диагностика әдістеріне қолжетімділік фтизиопульмонологияның барлық өңірлік орталықтарында қамтамасыз етілген.
Министрдің айтуынша, қысқа мерзімді және толықтай пероральдық емдеу режимдерін қоса алғанда, инновациялық емдеу әдістерін енгізу емдеу ұзақтығын едәуір қысқартуға, оның тиімділігін арттыруға және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Аурудың профилактикасы да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Қазақстанда БЦЖ-ны вакцинациялаумен қамту деңгейі жоғары, туберкулез инфекциясының профилактикалық емі кеңейтілуде және заманауи скрининг әдістері енгізілуде.
Кешенді шаралардың арқасында Қазақстанда негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштердің тұрақты төмендеуі байқалады.
«Соңғы 3 жылдың ішінде туберкулезбен сырқаттанушылық 13,3%-ға, өлім 25%-ға, ал таралуы 17,2%-ға төмендеді. Дәріге сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі 90,5%-ды, дәріге көнбейтін түрінде 85,3%-ды құрайды, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», – деп атап өтті А. Әлназарова.
Министр қол жеткізілген нәтижелер дәйекті мемлекеттік саясаттың, туберкулезге қарсы іс-шараларды тұрақты қаржыландырудың және халықаралық ұйымдармен белсенді әріптестіктің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
«Қазақстан End TB жаһандық стратегиясын іске асыруға берік бейілді болып қала береді және ортақ мақсатымыз – туберкулезсіз әлемге қол жеткізу үшін белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын», – деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.