Дәл осы Әл-Фараби даңғылындағы тағы бір жол апатынан 3 адам қаза тапты. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба желіде желдей тарап, қоғамның талқысына түсті. Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні Zeekr көлігі басқа автокөлікпен жарысқан. Марқұмның туыстары кінәлілер заң алдында жауап беруін талап етуде.
Жантүршігерлік апат салдарынан 29 жастағы көлік жүргізушісі мен 20-23 жас аралығындағы екі жолаушы қыз қаза тапты. Марқұмдардың туыстары істің әділ тергелуін талап етуде. Кінәлі өмір бойына бас бостандығынан айырылуы тиіс деп санайды. Туыстарының айтуынша, апат көше жарысының салдарынан болған.
БЕКБОЛАТ ТЕҢЕЛБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
Сотты сұраймыз сот 2 айдан кейін, может 3 айдан кейін деп жатыр да. Ол сот сразу болу керек қой, неге оны создырып жатыр деген сұрақ. 3 адамды өлтіргенге 10 жыл беріп жатыр неге ол әділдік емес қой мына жерде енді. Ол наоборот оларды қорғаштап жатыр деп ойлаймын өз басым.
Ал полиция күдіктінің өзі ауруханада жатқан соң толыққанды тергеу басталмағанын, алайда міндетті түрде тиісті шара қабылданатынын хабарлады. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бүгінде жүргізушіні бақылауда ұстау үшін ол жатқан медициналық мекемеге күзет қойылған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті медициналық мекемеде, күзетпен жатыр. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін қамауға алынады. Қазіргі уақытта тергеу толықтық және объективтілік қағидаларына сай жүргізілуде.
Депутат Марат Қожаев бүгінде заңсыз көше жарыстарының көбейгенін жасырмады. Мұндай жүргізушілерге қатысты шараларды күшейтіп, жүргізуші куәлігінен айыру керек дейді.
МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Жол ережесін бұзатынгдарды қатаң жауапқа тарту керек. Айыппұл төлегенде 50 пайыздық жеңілдіктен босату керек деген сияқты, правасын алып қойып, пересдача жіберу керек дегендей ұсыныстар жасадым. Ол жанағы үкіметпен қолданып оның қазір келесі бір заң жобаларын енгіземіз деп ойлап жатырмыз.
Бұл Әл-Фараби даңғылындағы алғашқы, әрі соңғы қайғылы жағдай емес. Полиция қажетті барлық рейдтік және бақылау шаралары толыққанды жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, соңғы үш күнде қала бойынша 5 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Оның 2 мыңы жылдамдықты шамадан асырған екен. Арасында тіпті дәл сол Әл-Фараби даңғылымен сағатына 250 шақырыммен жүрген жүргізуші де бар.