Трамп: «Иран менімен келіскісі келеді»

АҚШ пен Иран қызу келіссөз жүргізіп жатыр. Бірақ, Иран билігі оны мойындағысы келмейді. Әйтпесе, өз жақтастары дарға асады. Трамп осылай деп сайлауалды науқанда мақтанды. Бірақ, Иран билігі АҚШ Президентінің 15 пункттен тұратын бейбіт келісім жобасын кері қайтарып жіберген. АҚШ беріліп, Таяу Шығыстан қашпайынша соғысты жалғастырамыз, - дейді. Израиль Ливан жерінің біраз бөлігін жаулап алуға кірісті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иран менімен бейбіт келісім жасағысы келеді. АҚШ-тың бүкіл талабын қабыл алуға дайын. Трамп өз жақтастарының алдында осылай деп, бөркін аспанға атты. Бірақ, Иран бұл ақпаратты жоққа шығарғаннан кейін, ресми Вашингтон бұдан да қатты соққы жасаймыз, - деп сес көрсетті. Бұл – соңғы ескертуіміз, - деп Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт, қақтығыс қарқыны артуы мүмкін екенін жасырмады.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бүгін жоспар бойынша, Иранның энергостанциялары мен өзге инфрақұрылымына соққы жасалуы тиіс еді. Бірақ, Президент Трамп Иран келісімге келер болса, бұл қақтығысты тоқтатуға дайын екендігін жеткізу үшін, шабуылды тоқтатты. Біз бейбітшілікті көздейтінімізді көрсеткіміз келеді. Бірақ, Иран расымен келісімнен бас тартса, бұдан да жойқын соққылар жасалады. Бірінші күні-ақ, басшыларынан айырылып, Әуе Қорғанысы Кешендері мен Теңіз Күштері жоқ болғанын ұмытпаулары керек.

Біз, керісінше, жеңіске жақындай түстік. Иран, сенімді түрде Трамптың бейбіт жоспарын кері қайтарып, соғысты жалғастыратындарын жеткізуде. Ислам Республикасының ресми өкілдері, АҚШ жеңіліп жатыр, - деп жарияға жар салды.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Бізді түгел қырып, билікті ауыстырамыз деген Трамп қайда? Желі шығып қалыпты ғой. Жеңіліп келе жатқандығын көріп, енді бізбен келіссөз жүргіземін дейді. Өздерінің әскери базаларының күлі көкке ұшып, қарулары дымға жарамсыз болып қалғанын бүкіл әлем көрді. Біз енді АҚШ-ты әбден жер қылғанша соғысамыз.

Израиль енді Ливанды басып алмақ. Хезболламен күрес үшін елдің оңтүстігінде қауіпсіздік аумағын құрады. Ол дегеніміз Ливанның бір бөлігіне өз әскерін кіргізеді.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз өз еліміз, яғни, Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы аймақ құрамыз. Ол үшін Ливанның ішіне ілгерілеп кіруге мәжбүрміз. Себебі, Хезболла тыныштық беретін емес. Ол қауіпсіздік аймағымен шектелмейміз. Ливанның бүкіл аумағында лаңкестермен күресеміз.

Нью-Йорктың Ла-Гуардиа әуежайында ұшақ өрт сөндіру көлігімен соғысып, 2 ұшқыш қаза тапты. Антуан Форест пен оның көмекшісі Маккензи Гюнтер соңына дейін 72 жолаушының өмірін сақтап қалу үшін күресті. Нәтижесінде, жолаушылар жеңіл жарақат алды. Эйр Канада компаниясының рейсі Нью-Йоркке Монрэальдан бет алған.