Елорадада іргесі сөгілген үйлерді су басып жатыр

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2026

Іргесі сөгілген баспана кез келген сәтте ортасына түсуі мүмкін. Елордадағы тозығы жеткен үйлердің тұрғындары бүгінде осындай үреймен күн кешуде. Көктемгі қарғын су ескі жатақханаларды нағыз апат аймағына айналдырды. Қақ айырылған қабырғалар мен төбеден сорғалаған су халықтың берекесін алған. Билік баспананы бұзу туралы шешім шығарғанымен, көшіру жұмыстары тек желтоқсанда ғана басталмақ.

Елордада күн жылынса, ел қуанады, ал тозығы жеткен баспана иелері үшін бұл нағыз сынақ. Көктемгі еріген қар суы тек ауылдарды емес, қала ортасындағы іргесі сөгілген жатақханаларды да тығырыққа тіреді. Бүгінде мұндағы жұрт «апаттық сөмкелерін» буып, есік алдында отыр. Себебі, ылғалдан езілген іргетас кез келген сәтте сыр беріп, шаңырақ ортасына түсуі мүмкін. Жиған-тергенін қапқа салған халық, құлау алдында тұрған үйден дер кезінде қашып үлгерудің қамын жасап, күндіз-түні көз ілмейді.

БИБІГҮЛ АЗНАБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Кешеден бері үйді су басып жатыр. Шатырдағы қар мен мұз тазаланбағандықтан, пәтерлерге жайылып кетті. Қабырғалар жарылып, плиталар ажырап, балкондар үгітіліп жатыр. Мұндай үйде тұру өліммен бетпе-бет келумен тең. Іштегі сыз бен ылғалдан балаларымыз өкпе ауруына шалдықты. Әкімдікке құжат тапсырғанымызға қанша уақыт болды, тек «сүрліеді» деген құрғақ уәде естиміз. Нақты іс жоқ. Біз күн сайын үй ортамызға түсе ме деген үреймен ұйықтаймыз.

1972 жылы іргесі қаланған бұл ғимараттың күрделі жөндеу көрмегеніне жарты ғасырға жуықтаған. Тұрғындар баспанасы құлап қалмауы үшін жыл сайын өз қалталарынан ақша жинап, қабырғаны жамап-жасқап әлек. Алайда, коммуналдық қызмет өкілдері шатырдағы тонналаған қар мен мұзды тазалауға асығар емес. Халықтың айтуынша, бұл үй кез келген сәтте тірідей көмілетін қабірге айналуы мүмкін. Әсіресе, таяқ ұстаған қарттар мен бесіктегі балалардың сорғалаған судан тайғанап, жарақат алуы үйреншікті жағдайға айналған.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Көріп тұрғандарыңыздай жоғары қабаттан сорғалаған су еденді көлшікке айналдырған. Менің қолымда құрғақ мата тұр сіздерге бұл жердегі судың мөлшерін көрсетейін. Бұл жерде тұратын тұрғындар дәл осылай суды тазалаумен күндерін кешіп жатыр. Бір қиыны осы 5 қабатта тұратын қариялар кейде тайып жығылып құлайтын жағдайларда болады екен.

Биліктегілер көшіру жұмыстары тек желтоқсанның ортасында ғана бітеді деп отыр. Демек, осы «шиқылдаған» үйде жан сақтап отырған жұрт алдағы күздің нөсері мен қыстың қатал аязына тағы да шыдауға мәжбүр. Халықтың ендігі тілегі  межелі мерзімге дейін шаңырақтары ортасына түспей, аман қалу.

АЙНАГҮЛ ТАКИРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Тұжырымдамаға сәйкес, Досмұхамедов көшесі, 4, 8 және 12-үйлер 2026 жылғы сүру тізіміне енген. Қазір пәтерлерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу процедуралары жүріп жатыр. Көшіру жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін, яғни желтоқсанның ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұрғындарға «алаңға алаң» принципі бойынша пәтерлер беріледі. Олардың қазіргі бөлмелерінің көлеміне қарамастан, әр отбасына кемінде бір бөлмелі пәтер ұсынылады.

Елорда бойынша дәл осындай «ажал айдауында» тұрған 203 нысан бар. Билік оларды кезең-кезеңімен сүруге уәде бергенімен, қауіпсіздік мәселесінде жауапкершіліктен қашқақтайды. Тұрғындардың айтуынша, шенеуніктер «көшіру басталғанша үй құлап кетсе, жауап бермейміз» деп ашық айтқан. Бұл сөз халықтың үрейін тіпті үдетіп отыр. Елдің ендігі тілегі желтоқсанға дейін шаңырақтары ортасына түспей, аман қалу.