Алматыда JUZ40 білім беру орталығы ұйымдастырған республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2026

Алматыда JUZ40 білім беру орталығы ұйымдастырған республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Еліміздің барлық өңірінен 10 мыңнан астам оқушы бақ сынаған іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үздік 100 финалист Алатау баурайына жиналды. Ойы озық өрендермен әріптесім Айгерім Есенкелді тілдесіп қайтты.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлайтын алдыңғы қатарлы орталықтардың бірі биыл алғаш рет 9–10 сынып оқушыларына олимпиада ұйымдастырды. Тек 11-сынып түлектерін дайындаумен шектелмей, оқушыларға өз қабілетін ерте кезеңнен сынауға мүмкіндік беріп отыр. Олимпиаданың ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен келген финалистер, олардың ата-аналары мен арнайы қонақтар қатысты. Шара барысында оқушыларға мамандық таңдауға бағыт-бағдар беріліп, арнайы семинарлар өткізілді. Сондай-ақ, орталықтың рекорд орнатқан түлегі де өз тәжірибесімен бөлісті.

ЖҰЛДЫЗАЙ МҰСАЕВА, JUZ40 БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Негізгі мақсаты Қазақстанның түкпір-түкірпірінен оқушыларды жинау, олардың білімдерін сынау және де оларға үлкен мүмкіндік беру. Өйткені біз осы қатысып жатқан барлық оқушыға 140-қа тіркелуге, яғни келесі жылға жеңілдіктер беріп жатырмыз. Одан бөлек яғни 100 пайыз грант деген бар, одан бөлек бізде ақшалай сыйлықтар да бар. Осындай мүмкіндіктер беру арқылы осы біздің мықты, білімге құштар оқушыларды қолдау.

Олимпиада форматы дәл ұлттық бірыңғай тестілеудегідей. Оқушылар үш негізгі және бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады. Орын иеленгендерге қомақты ақшалай сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар, жеңімпаздар мен үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға орталықта 100 пайыз тегін білім алу мүмкіндігі беріледі.

АСЫЛЗАТ ЖАҚСЫЛЫҚОВА, МҰСТАФА ШОҚАЙ АТЫНДАҒЫ №187 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ОҚУШЫСЫ (ҚЫЗЫЛОРДА):

Қызылорда облысынан Алматыға олимпиаданың екінші кезеңіне үлкен үмітпен келдім. Өзімнің мақсатым 140 олимпиадасының жеңімпазы ретінде танылу. Сонымен қатар 140 олимпиадасы бұл менің заңгер болуымның алғашқы қадамы болып табылады. Болашақта алдағы уақытта жеңемін деп ойлаймын.

Финал қаладағы жоғары оқу орындарында үш күнге созылады. Ұйымдастырушылар, жиналған жас дарындарға сәттілік тілеп, олимпиаданың енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетінін айтты.