«Таза Қазақстан» науқаны аясында еліміздің бірқатар өңірінде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы  елімізде үздіксіз жалғасуда. Кезекті тазалық іс-шаралары Алматы, Түркістан және Тараз қалаларында ұйымдастырылып, өзен арналары мен бұлақ көздері қоқыстан тазартылды. Игі бастамаға партия белсенділері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жаппай атсалысып, мыңдаған тонна қалдық шығарылды.

Алматы нағыз экологиялық қозғалыстың орталығына айналды. «AMANAT» партиясының 100-ге жуық белсендісі Үлкен Алматы өзенінің бойын ретке келтірді.  Олар өзен арнасы мен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қураған ағаштарды отады. Тек қоқыс жинаумен шектелмей, жағалауға жас көшеттер егіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бұлақ көрсең көзін аш деп ата- бабамыз жайдан жай айтпаған ғой, соның барлық жерлерде осы оңтүстік өңірлерде бұлақтардың жағасында, өзен-көлдердің жағасында жағаны бекіту ағаш егу секілді істерді осы біздің жастармен бірге жүзеге асырып жатырмыз.

Тазалық эстафетасы Түркістан облысында жалғасты. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында «Мөлдір бұлақ» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Тау бөктеріндегі бұлақ көздерін ашуға партия өкілдері, еріктілер мен жергілікті тұрғындардан құралған 400-ге жуық адам жұмылды. 10-нан астам арнайы техниканың көмегімен бір күнде 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

ЖАНДОС ТАСОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Әрбір азамат, әрбір мемлекеттің тұрғыны өзінің туған жерін, табиғатын аялау керек. Таза ұстау керек. Бұл аталған іс-шараның негізгі мақсаты да, мәні де осында деп ойлаймыз. Әрбір тұрғын табиғатын, өзінің ауласын, өзінің үйін таза ұстайтын болса жалпы еліміз, жеріміз бәрі таза болады. Экологиямыз біз үшін өте маңызды.

Жалпыұлттық бастамадан Жамбыл облысы да қалыс қалмады. Жастар Қаратаудың етегінде елеусіз жатқан «Жалғыз тал» қайнарының көзін жергілікті жастар ашып, айналасын абаттандырды. Әулиеата әкімдігі шырша егіп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізсе, Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен аймақта алғаш рет «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы құрылды. Наурызнама онкүндігінің «Тазару күнімен» тұспа-тұс келген бұл іс-шараның мақсаты - табиғи су көздерін қорғап, қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді. Бүгін осы игі бастамада жастар, еріктілер, волонтерлар өте белсенді қатысып жатыр. Барша қатысқан азаматтарға рахметімізді айтамыз. Тазалық әр адамнан, әр көшеден, әр үйден, әр елді мекеннен басталуы керек.

Экологиялық акция тек тазалық іс-шарасы  емес, туған табиғатқа деген жанашырлықтың үлгісіне айналды. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.