Денсаулық сақтауды дамытудың жаңа тұжырымдамасында қоғамдық денсаулыққа баса назар аударылады

фото: gov.kz

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасы Эрик Байжүнісов Үкімет жақында бекіткен 2026–2029 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасына тоқталды.

«Бұл – біздің жүйенің дамуының жаңа кезеңі, жаңа серпін. Негізгі басымдық қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуға және халықтың өмір салтын өзгертуге беріледі», – деді спикер.

Сонымен қатар, Эрик Байжүнісов 2005 жылы қайтыс болғандардың 51,5%-ы қан айналымы жүйесі ауруларынан (инфаркт, инсульт) көз жұмғанын атап өтті. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 22,5%-ға дейін төмендеген. Соңғы 5-10 жылда Қазақстан кардиохирургия саласында айтарлықтай жетістікке жетті. Оның айтуынша, 2005 жылы жүрекке жылына небәрі 80-90 операция жасалса, бүгінде бұл көрсеткіш 90 мыңнан асады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы маңызды жетістіктердің бірі – Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың ашылуы.

«Соңғы 20 жылда құрылған бұл денсаулық сақтау моделі қазіргі уақытта халықаралық талаптар мен сапа стандарттарына толық сәйкес келеді», – деді Эрик Байжүнісов.