Ақтөбеде әлеуметтік осал топқа бөлінген қаржыны талан-таражға түсіріген экс депутаттарға сот үкімі шықты. Мұғалжар аудандық мәслихатының екі бұрынғы депутаты мен ауданның бір шенеунігіне қатысты мемлекеттік қызмет атқару кезінде аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған болатын. Олар жетім балаларға арналған баспанадан пайда таппақ болған. Инженерлік желілері жоқ бос жатақхананы бұған дейін небәрі 8 миллион теңгеге сатып алынған. Ал сотталушылар мемлекеттен шамамен 700 миллион теңге алыпты. Сот үкімімен үшеуі де кінәлі деп танылды. Аудандық мәслихаттың экс-төрағасы 6 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Оның әріптесі 6 жылға, ал шенеунік 5 жылға сотталды.
САНДУҒАШ ІЗБАҒАМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сейілхан, аталған нысанда кемшіліктер бар екенін көре тұра, қабылдау-тапсыру актісіне қол қойып, 672 млн теңге көлеміндегі қаражаттың аударылуын қамтамасыз еткен. Соттың пайымдауынша, сот отырысы барысында айыпталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, жәбірленуші тарап өкілдерінің көрсетуімен, сараптама қоырытындыларымен, аудит қорытындысымен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
Айта кетейік, қаражатты Қадралин әріптесімен және аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысымен бірге иемденген. Экс-депутат арнайы схема ойлап тапқан. Ол әріптесінің жұбайын іске тартып, оның атына бұрын 8 миллион теңгеге сатып алынған бос жатақхананы рәсімдеген. Кейін бұл ғимарат мемлекетке тұрғын үй ретінде, бірақ бірнеше жүз миллион теңгеге сатылған. Сотталушылар бірлескен түрде 672 млн теңге материалдық шығынды толық өтеуі тиіс.