Түркістан облысында төрт күннен бері Келес өзеніне ағып кеткен сегіз жасар баланы іздестіру жұмыстары толассыз жүргізіліп жатыр. Анасының айтуынша, жасөспірім құрдастарымен өзен жағасында ойнап жүріп, суға түсіп кеткен аяқ киімін алмақ болғанда ағысқа еріп кеткен.
Мамандар, Келес өзенінің суы лай әрі ағыстың қаттылығы іздеу жұмыстарын қиындатып отырғанын айтады. Құтқарушылар техникалық құралдармен қатар, әуеден бақылау жүргізу мүмкіндіктерін іске қосқан.
АСҚАТ ЕРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаменті, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен туыстары жұмылдырылған. Жалпы саны 120-дан астам адам, 15-тен астам техника, 2 жүзу құралы және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасуда.