«Әскерде зорлық-зомбылыққа ұшырадым»- жалған ақпарат таратқан 23 жастағы жігіт қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2026

Threads әлеуметтік желісінде «әскерде зорлық-зомбылыққа ұшырадым» деп жалған ақпарат таратқан 23 жастағы жігіт қамауға алынды. Ол небәрі екі күн ішінде жүздеген адамның сеніміне кіріп, өзінің жеке есепшотына 100-ден астам қаржылай аударым жасатуға үлгерген. Тексеру барысында «жәбірленушінің» әскери қызметке еш қатысы жоқ екені, ал пайдаланылған есепшоттың 17-дегі жасөспірімге тиесілі екені анықталды. Күдікті ақша табу мақсатында өтірік айтқанын толық мойындады. Қазір алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату деректері бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘПК-НІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Осындай айласы үшін жас жігітке бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.