«2030 жылға қарай ЖИ-дің әлемдік экономикаға қосатын үлесі астрономиялық 22 триллион доллардан асып түседі» - форум

2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі астрономиялық  22 триллион доллардан асып түседі. Мұндай деректі Шымкентте өткен «Digital Kazakhstan 2026» форумында Үкімет басшысы Олжас Бектенов бөлісті. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына орайластырылған көрме 3 мың сарапшының басын қосты. Халықаралық шарада Қазақстанның цифрлық жетістіктері мен стратегиясы таныстырылды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы Шымкентте өтті. Қазақстан биыл бұл ұйымға төраға. Сондықтан Премьер-министр Олжас Бектенов отырысқа бас болды.  Одаққа  мүше 4 мемлекет пен 3 бақылаушы елдің өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Басты тақырып -   жасанды интеллектіні экономикаға енгізу және кедергісіз сауда ортасын қалыптастыру. Тараптар көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін ЖИ базасында жүк ағындарын үйлестіретін біріңғай платформа құруды ұсынды. Бұл бизнес шығындарын азайтып, тауар жеткізуді жеделдетпек. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:  

Одаққа мүше мемлекеттер үшін кедендік әкімшілендіру, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салаларда жасанды интеллектіні пайдалана отырып, заманауи технологияларға бейімделу маңызды. Қазақстан өз алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Бүгінгі таңда Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ең ірі халықаралық технопаркі — Astana Hub заманауи экожүйесі қалыптасты. Білім беруді, ғылыми зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдауды біріктіретін Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Қазақстан ЕАЭО-дағы әріптестерімен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайын.

Жиындағы өзекті талқылаудың бірі – қағазбастылықты қысқарту. Ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды толық электронды форматқа көшіру керек. Бұл ортақ нарықтағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Кеңес қорытындысы бойынша 12 құжатқа қол қойылды. Одақ елдері Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдерімен сауда байланысты нығайтуға уағдаласты. Экономикалық жиын ары қарай «Digital Kazakhstan 2026» форумына ұласты. Халықаралық шараға 3 мыңға жуық делегат қатысты.

НҰРМАХАН ЗАКАРИН, «ASTANA HUB» ӨКІЛІ:

Форумның алғашқы мақсаты – цифрландыруды орталықсыздандыру, өйткені біз IT таланттардың, IT- компаниялардың тек қана елорда төңірегінде ғана емес,барша аймақта, бар өңірде дамығанын қалаймыз. Әлемнің ТОП- 500 суперкомпьютеріне кіретін KazLLM ALЕMCLOUD суперкомпьютері Қазақстан нарығында жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз – біздің азаматтардың өңделген ақпараттары шетел мемлекеттеріне берілмейді, барлығы Қазақстан территориясында сақаталады.Бұл ең әуелі цифрландыруды қауіпсіз өткізуге алып келетін басты үдерістердің бірі.

«Индустрия: 5:0» – жай ғана көрме емес, бұл – Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналу стратегиясының көрінісі. Делегация басшылары мемлекеттік басқарудан бастап, өнеркәсіп пен білім беруге дейінгі салаларды қамтитын озық әзірлемелерді тамашалады. Ал стартаптар жүлде қоры 20 млн теңге  болатын жарысқа қатысты. Технологиялық форум енді өзге өңірлерде де жалғасады.