СҚО-да кибералаяқтық құрбандарына 500 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

Polisia.kz

СҚО-да кибералаяқтық құрбандарына 500 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов халық алдында есептік кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі жедел ахуалдың тұрақты екені атап өтілді. Соңғы он жыл ішінде облыстағы қылмыс деңгейі шамамен 3,5 есеге төмендеген. Атап айтқанда, тіркелген құқық бұзушылықтар саны 10 103-тен 2 909 дерекке дейін азайған. Ал өткен бір жылдың өзінде қылмыс көрсеткіші 13 пайызға төмендеген. Сонымен қатар аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 100 пайызды құрап отыр. Жиында өзекті мәселелердің бірі ретінде интернет-алаяқтықпен күрес тақырыбы кеңінен қозғалды. Аталған құқық бұзушылықтардың саны 13 пайызға азайып (752-ден 654 дерекке дейін), дегенмен, бұл қылмыс түрі әлі де кең таралған санаттардың бірі болып қалып отыр. 2025 жылы өңірде кибералаяқтардың әрекеттерінен келген жалпы шығын 1,4 миллиард теңгеден асты. Соған қарамастан, полиция қызметкерлерінің жүйелі жұмысы мен заманауи құқықтық тетіктердің нәтижесінде жәбірленушілерге 526 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Өткен жылы полицейлер ондаған алаяқтық эпизодтарына қатысы бар екі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметін тоқтатты. Қазіргі таңда полиция интернет-кеңістікті тұрақты бақылауда ұстап, жалған хабарландыруларды бұғаттау және тұрғындарды кең таралған алаяқтық схемалары туралы ақпараттандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударылуда. Өңірде бейнебақылау жүйесі қарқынды дамып келеді: бүгінде 47 мыңға жуық бейнекамера орнатылған, оның 14 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Бұл өз кезегінде қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етуде. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы екі айында мұндай қылмыстар саны 10 пайызға төмендеп, 70-тен 63 дерекке дейін қысқарған. Сонымен қатар есеп барысында жол қауіпсіздігін күшейту, есірткі қылмыстары мен мал ұрлығына қарсы күрес бағытындағы кешенді шаралар да кеңінен баяндалды. Кездесу соңында Абай Жүсіпов тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Азаматтардың басым бөлігі абаттандыру және жол инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтерді. Көпқабатты үйлердің мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары бейнебақылау камераларын орнатуға қолдау көрсетуді сұрады. Қосымша зерделеуді қажет етпейтін барлық сұрақтарға толық әрі жан-жақты жауаптар берілді. Сондай-ақ құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шара соңында департамент басшысы азаматтарды жеке қабылдады.