AI мен деректер ағыны өсімі телеком-инфрақұрылымды елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналдырады,– сарапшы

Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында «Еуразияның цифрлық байланысы: телеком желілері және деректер инфрақұрылымы» тақырыбында панельдік сессия өтті. Сессия телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және өңірдің транзиттік әлеуетін күшейту мәселелеріне арналды.

Талқылауға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және саланың жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

Пікірталас барысында қатысушылар деректер көлемінің қарқынды өсуі мен жасанды интеллекттің дамуы жағдайында телеком-инфрақұрылым елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналып отырғанын атап өтті.

Темірлан Зиналабдин өз сөзінде Қазақстанға транзиттік аумақ рөлінен Еуразияның толыққанды цифрлық хабына көшу қажеттігін ерекше атап өтті.

«Бүгінде бәсекелестік пайдаланушылар үшін емес, деректер ағындары мен оларды өңдеу инфрақұрылымы үшін жүріп жатыр. Егер Қазақстанның цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайтқымыз келсе, магистральдық желілерді, деректерді өңдеу орталықтарын және есептеу қуаттарын жедел дамыту қажет. Мұндай негізсіз жасанды интеллектті енгізу де, цифрлық егемендікті қалыптастыру да мүмкін емес», – деді Темірлан Зиналабдин.

Оның айтуынша, одан әрі дамудың басты шарты – тұрақты байланыс арналары, деректерді өңдеу орталықтары және халықаралық цифрлық байланысқа негізделген ауқымды инфрақұрылымдық экожүйе қалыптастыру.

Сессия қатысушылары сондай-ақ трансшекаралық желілерді дамыту перспективаларын, Орталық Азияның Еуропа мен Азия арасындағы жаңа цифрлық бағыттарды қалыптастырудағы рөлін және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекет пен бизнес арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылдың маңызын талқылады.

Digital Qazaqstan 2026 форумы цифрлық экономиканы дамытуға қатысты стратегиялық тәсілдерді қалыптастыруға және Қазақстанның жаһандық цифрлық архитектурадағы позициясын нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып отыр.