Астана қаласында «Ауыл мектебіндегі STEM: идеядан тұрақты тәжірибеге» атты республикалық әдістемелік интенсив өтуде. Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен мыңға жуық ауыл мұғалімі қатысуда. Оның ішінде 200-ге жуық педагог республикалық интенсивке офлайн форматта қатысса, 800-ден астам ауыл мұғалімі онлайн режимде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен білім саласында жүзеге асып жатқан жүйелі реформаларға тоқталды.