17 өңірде дауылды ескерту жарияланды

Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» синоптиктері 30 наурыз, дүйсенбіге еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жариялады.

Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Көкшетаудада түнгі және таңғы уақытта тұман болады.

Алматы облысында оңтүстік-шығыс желі батысқа ауысады. Күндіз өңірдің шығысы мен орталығында жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді.

Ақтөбе облысында шығыс, оңтүстік-шығыс желі соғады. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі және орталығында желдің екпіні секундына 15–18 метр болады.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең өңірдің батысы мен оңтүстігінде тұман түсуі мүмкін. Оңтүстік-шығыс, шығыс желі соғып, күндіз шығысында екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.Атырау қаласында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі, ал түнде және таңертең тұман болуы ықтимал.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде де тұман болуы мүмкін. Өскеменде түнде және таңертең тұман түседі.

Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман болжанып отыр. Өңірдің солтүстік-шығысында шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс желі соғып, оңтүстік-батыста, солтүстік-шығыста және таулы аймақтарда желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетеді.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз найзағай болады. Түнде және таңертең өңірдің батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман түсуі мүмкін. Оралда да түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.

Маңғыстау облысының оңтүстігінде, батысында және орталығында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз де жаңбыр мен найзағай сақталып, солтүстік-шығысында кей тұста қатты жаңбыр жауады. Өңірдің батысы мен орталығында тұман болуы мүмкін. Оңтүстік-шығыс желі соғып, күндіз солтүстік-шығысында екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.Ақтауда түнде және таңертең тұман болады.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.

Қостанай облысының солтүстігі мен батысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Өңірдің оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Қостанай қаласында да түнде және таңертең тұман болады.

Қызылорда облысының шығысында жоғары өрт қаупі сақталып тұр.

Абай облысының солтүстігі, оңтүстігі және орталығында тұман болуы мүмкін. Семейде түнде және таңертең тұман түседі.

Жетісу облысында солтүстік-шығыс желі соғады. Күндіз өңірдің шығысында, солтүстігінде және таулы аудандарында екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі.

Ұлытау облысында солтүстік-шығыс, шығыс желі соғады. Күндіз өңірдің солтүстігінде желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейеді.

Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында тұман болжанып отыр. Павлодар қаласында да тұман болады.

Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман болуы мүмкін. Петропавлда да тұман күтіледі.

Түркістан облысының батысында және Түркістан қаласында жоғары өрт қаупі сақталады.