Йемендік хуситтер Израильге қарсы кезекті рет соғыс бастады. Иранның басты одақтастарының бірі баллистикалық зымыран бағыттап, енді әлемдегі басты бұғаздың бірін жауып тастамақ. Пәкістанда жақын арада АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер басталады деп күтілуде. Қос тарап та, Пәкістанға сенімін жеткізген. Трамп болса, келесі кезекте Кубаға шабуылдайтынын растады. АҚШ Президентінің айтуынша, бұлай жалғаса берсе, Кубаның болашағы жоқ. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Йемендік хуиситтер, яғни, АнсарАлла қозғалысы Израильге қарсы соғысқа қосылды. Олар, баллистикалық зымырандармен шабуыл жасаған. Бірақ, оның барлығы Әуе қорғанысы кешендері үшін оңай олжаға айналды. Сонымен қатар, хуситтер, әлемдік сауда үшін Ормуздан да маңызды Баб-Эль Бандеб бұғазын жауып тастауға дейін баратындарын жеткізді.
ЯХЬЯ САРИ, ЙЕМЕНДІК ХУСИТТЕРДІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Біз заңсыз басып алынған Палестинаның оңтүстігіндегі Израильдің күштеріне шабуыл жасадық. Олардың жағдайы онсыз да осал еді. Бірақ, біз істі соңына дейін жеткіземіз. Операция Иран, Ливан, Ирак және Палестинаны толық азат еткенге дейін жалғасады.
Пәкістанда АҚШ пен Иран арасында бейбіт келіссөздер өтеді. Таяу Шығысты татуластыруға арналған жиын таяу арада өтпек. Ресми Исламабадтың дипломатиялық ұсынысын барлық тарап пен өзге алпауыт елдер қолдаған. Трамптың өзі мазақ еткенімен, қарсы еместігін жеткізді.
ИСХАК ДАР, ПӘКІСТАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Пәкістан үшін тараптарды татуластыру және диалог алаңы болу – үлкен мәртебе. Біз таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің барлығын істейміз. Бейтарап болғанымызбен, бауырлас халықтардың өзара қақтығысын болдырғымыз келмейді.
Трамп келесі кезекте Кубаға шабуылдайтынын ресми түрде растады. Осыған дейін Венесуэла мұнайын өз бақылауына алған АҚШ, осылайша, Кубаны жанармай және электр қуатынсыз қалдырған еді. Онсыз да санкцияларға батып жатқан ел, үлкен дағдарысқа ұшырады. АҚШ Президентінің айтуынша, Кубадағы жағдай мүшкіл. Сондықтан, өзім қолға алмасам, мүлдем аласапыран болады, - дейді Трамп.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Расымен, келесі кезекте – Куба. Олар өздігінен ел бола алмайтындарын көрсетті. Сондықтан, жағдайды қолға алуға тура келеді. Куба халқына жаным ашып, оларды жақсы көргендіктен, осындай қадамға барамын. Билік, жұртты осындай халге душар етті. Өз қара бастарын ғана ойлайтын есерсоқтардың көзін құрту керек.
Трамптың өзін есерсоқ деп санайтындар да аз емес. АҚШ-тың бүкіл штаттарында миллиондаған адам көшеге шығып, Президент саясатына қарсы наразылық акциясын бастады. Но Кингс деп аталатын ереуілге, тіпті, саясаткерлер де шығып, халыққа қолдауларын көрсетті. Олардың айтуывнша, Трамп өз билігін ғана нығайтып қана қоймай, миллиардерлердің жағдайын жасап, халықтың көк тиынын қалдырмай тонап жатыр.