Алматыда зейнеткер алаяқтарға алданып, үйі мен 25 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылды

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2026

Алматыда алаяқтардың арбауына түскен зейнеткер үйі мен 25 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылды. Алаяқтар өзін ішкі істер органының қызметкеріміз деп таныстырып, айласын асырған. Сөздеріне сенген зейнеткер айтқандарын бұлжытпай орындап, тіпті үйін сатып жіберіпті. Толығырақ Айгерім Есенкелді жалғастырады. 

Жанат Көшікова бұл үйде 59 жылдан бері тұрып келген. Ұзақ жыл ұстаздық еткен зейнеткердің  жеке шотында жинаған  біраз қаражаты болыпты. Былтыр тамыз айында оған бұрынғы әріптесінің атын жамылған әйелден хабарлама келеді. Ол зейнеткерге университет заңгері байланысқа шығатынын айтыпты.  Көп ұзамай өзін заңгермін деген адам қоңырау шалып, оқытушылар базасы бұзылғанын жеткізеді. Айтуынша, соны сылтау етіп, артынша полиция өкілімен сөйлестірген.

ЖАНАТ КӨШІКОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Ол менің шотым арқылы бірнеше миллион теңгенің аударылғаны туралы құжат көрсетті. Тек сіз емес, университетіміздің басқа да оқытушылары зардап шекті, соларға көмектесуіміз керек деді. Алаяқтар болуы мүмкін деген   ой келмеді. Сіз арқылы бәрін анықтаймыз. Сондықтан телефоныңыз тыңдалады, кіммен сөйлесіп жұмыс істесеңіз де бәрі бейнежазбаға түсіріледі деп ескертті. Ешкімге тіс жармауымды, тіпті жақындарыма айтпауымды талап етті.

Осылайша зейнеткер  бар ақшасын алаяқтар айтқан шотқа аударған. Қосымша тағы бірнеше несие алғызыпты. Кейін алаяқтар оның баспанасына көз тіккен. Қайта рәсімдеу керек деп алдап, риэлторлық қызмет ұсынып, бірнеше адамның нөмірін берген көрінеді. Үйді бастапқыда 60 миллионнан жоғары бағалап, өтпеген соң бірден 45 миллионға бір-ақ түсіріп, шұғыл сатуға көндірген.

ЖАНАТ КӨШІКОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Үйді сату керек болды, кейін ақшаңыз инкассация арқылы қайтарылады деді. Бұл ақшаны біз сізбен жұмыс істейтін сатып алушыға қайтарамыз, ал іс біткен соң баспанаңызды қайта тіркеп береміз, яғни қалай меншік иесі болсаңыз, солай қала бересіз деді. Қайта сатылғаны туралы құжаттың бәрі ресми түрде маған жіберілді. Мен әрине таңқалдым және есеңгіреп қалдым. Барлық нақты құжаттар ұсынылып тұрса қалай сенбейсің?

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Алаяқтар алдымен зейнеткермен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, ақшаны санап, орап жатқанын бақылаған. Артынша өзін инкассатормын деп таныстырған адам келіп, дайын тұрған қаражатты алып кеткен. Еш күмәнданбаған зейнеткер түйіп қойған ақшасын дәл осы жерде оның қолына өз қолымен ұстатқан.

Ақшаны алып кеткен сәті бейнежазбаға анық түсіп қалған. Алаяқтар мұнымен тоқтамай, тағы да қомақты қаржы сұрайды. Бұл жолы зейнеткер туыстарына хабарласыпты.

РУСЛАН ЖҰМАБАЕВ, ЖИЕНІ:

Бізден 5 миллион қарызға ақша сұрап, үйімнен айырылып қалайын деп тұрмын деді. Ағамыз оған ақшаны береді. Кейін ол оны терминал арқылы аударуым керек дейді. Кімге аудармақсың деп сұрап, осы жерден бәрі басталды, біз бұл алаяқтық схема екенін түсіндік.

Сот шешімі бойынша зейнеткер енді үйді босатуы керек. Себебі, сатып алған адам - пәтердің енді заңды егесі.  Сондықтан ол да үйді босату туралы талабынан бас тартпай отыр.

БОЛАТ АЙҒАРАЙ, ЗАҢ КЕҢЕСШІЛЕРІ ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сатып алу, сату шартын жарамсыз деп тану туралы біздің талап арыздарымыз қанағаттандырылған жоқ. Бұл маусымда оларды тұрғын үйден шығаруға жол берілмейді. Соған қарамастан сот үйден шығару туралы шешім қабылдады.  Қазір біз қолданыстағы инстанцияларға шағым түсіруді жоспарлап отырмыз.

Қартайған шағында сан соғып қалған кейуана енді қайда барарын білмей дал. Ал құзырлылар мұндай істерді шешу қиын екенін айтады. Көбінің артында шетел азаматтары тұрады дейді.