1 шілдеден бастап несие алу талаптары өзгереді

Енді ломбардқа өткізілген алтын мен уақытылы төленбеген айыппұл  несие тарихына «қара таңба» болып басылады. Елімізде несие алу талаптары қатаңдатылады. Енді ақшалай жалақы алатындар мен зейнетақы жарнасы жоқ азаматтарға кредит берілмеуі мүмкін. Жаңа ереже 1 шілдеден бастап күшіне енеді. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Шілдеден бастап банктер табысыңыз бен қарызыңызды екі бағыт бойынша есептейді. Біріншісі, айлығыңыздың қанша пайызы несиеге жұмсалады? Егер табысыңыздың жартысынан көбі қарыз жабуға кетсе, жаңа несие берілмейді. Екіншісі, ресми табыс. Егер зейнетақы немесе медициналық сақтандыру аударымдарыңыз болмаса, банк сізді «жұмыссыз» ретінде қарастыруы мүмкін.

Бұл шектеулер тек банктерге емес, ломбардтарға да қатысты. Ондағы әрбір кешігу микронесие болып тіркеледі. Бұл жүйе несие батпағына батқандарды тоқтату үшін жасалып отыр.

АЙБЕК АЙТАҚОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТІ БАС МАМАНЫ:

Егер ломбардка өткізілген алтын бұйым, белгіленген мерзімде қайта алынбаса ол өтелмеген қарыз ретінде есепке алынады.

Қаржы сарапшысының айтуынша, банк есігі жабылса, халық амалсыз көлеңкелі нарыққа, яғни заңсыз өсімқорларға бет бұруы мүмкін.

АЙБАР ОЛЖАЕВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Көлеңкелі сектор пайда болады. Мысалы, несиеге қатты шектеу қойыла бастаса, жаңағы ростовщик дейді, адамдар тарапынан сұраныс жоғары болса, оған ұсыныс та пайда болады.

Бұл өзгеріске қоғамның пікірі әралуан.   

БЛИЦ:

- Дұрыс, төлей алмай жатыр дейді ғой. Ойланып алады ғой несиені.

- Ол дұрыс қой, бүкіл жерде ломбард. Болмайды ғой олай. Онсыз да кредит көп.

Жаңа ережелер несие нарығын реттей ма, оны уақыт көрсетеді. Анығы  1 шілдеден бастап банк қабырғасында тек сөзге емес, ресми табыс пен нақты есепке  сенетін қатал жүйе орнамақ.