Алматыда досының қызын зорлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2026

Алматыда вич инфекциясын жұқтырғанын біле тұра досының қызын зорлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал қыздың қазіргі халі қандай? Тілшіміз Айгерім Есенкелді  тарқатып айтады.

Оқиға былтыр тамызда болған. Анасы масаң күйде көлік жүргізені үшін 9 айға қамалған соң, қыз әкесімен қалған.  Ал оның досы арам ойын іске асырыпты.  Мұны қыздың анасы 6 айдан кейін ғана білген.  

ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ:

Мен бұл жағдай туралы тек 19 ақпанда білдім. Оның өзінде кездейсоқ. Қызыммен кездесуге барғанда, ол маған «телефонды ұстап тұршы» деді, сол кезде байқамай көріп қалып, бәрін сол жерде білдім.

Сондықтан алғашқы сот отырыстарына анасы қатыса алмаған көрінеді.   Ал жақындары қоғамдық қордың көмегіне жүгінген, іспен орталық мамандары айналысқан. "Әр сот процесінде қызға үздіксіз қысым көрсетілді. Күдіктінің туыстары мен адвокаттары, тіпті әкесі де қызды райынан қайтармақ болған. Оның соттағы жауаптарын өзгерткісі келді" дейді құқық қорғаушы. 

ЛӘЗЗАТ РАҚЫШЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ҚОР ПРЕЗИДЕНТІ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ:

Сот кезінде мына қылмыскердің адвокаты сосын қызды қорғап жатқан адвокаты бірігеді де қызды алдап сен былай деп айт, қолына нақты қағаз жазып береді. Сен сотта жаңағы жауабыңды өзгерт. Өйткені обал болады мына еркек сотталғал жатыр өмір бойына. Біздің сыныптастардың бәрі жыныстық қатынасқа түседі екен. Сен соны көргім келді, мен соны балалар сияқты қайталағым келді деп сол бүкіл жауабын өзгерткізеді. Оны істетіп отырған адвокаты, қылмыскердің туған ағасы, қыздың өзінің әкесі. 

Жасөспірім өзіне бірнеше мәрте қол жұмсамақ болыпты.  Жағдайы нашарлап, жиі ауруханаға түскен. Психолог онымен сөйлесу қиын болғанын айтады. Біртіндеп қалыпқа келіп жатыр дейді. 

ЖЕҢІСКҮЛ ХАБАЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРДЫҢ ПСИХОЛОГЫ:

Ең алғаш кездескен кезде ол қызда қорқыныш болды. Қорқыныш ең әуелі адамдардың ішінен сол адамның бейнесін көріп қалам ба деген қорқыныш және ол қызда ұйықтамау. Сонымен қатар ол қызда қатты шашын өзі тістеп агрессияға бейім болған. Әзірге жұмыс жалғасуда.

Күдікті өмір бойына сотталды. Моральдық өтемақы- 20 млн теңге. Оның 4 млн теңгесі ғана қанағаттандырылған.  Ал қыз  6 ай сайын тексерістен өтуі керек. Іс апелляцияға берілді.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫ:

Сот анықтағандай, 2025 жылы  кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Х.-ның кінәсі жәбірленуші мен оның заңды өкілінің депонирленген (алдын ала алынған) айғақтарымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.  Сот Х.-ны тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жау сырттан келмейді. Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылықтың 80%-дан астамы туысы досы не танысы тарапынан жасалады.