Елде баспана бағасы қымбаттады

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2026

Елде пәтер құны қымбаттап барады. 18 қаланың 12-сінде баға көтерілген. Сарапшылар бұған сұраныстың көптігі мен құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер еткенін айтады.

Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуі тоқтар емес. Статистика мәліметтері көңіл көншітпейді: пәтер құны ай сайын бірнеше пайызға қосылып отыр. Мамандар мұның бірнеше объективті себебі бар екенін айтады. Ең бастысы - сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерімсіздік.

БЕКНҰР КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ:

Егер спрос көп болса, сұраныс көп болса соның арқасында ол баға да көтеріледі. Бізде әлі жер де жетіспейді. Мысалы, Алматының өзінде де жер жетіспейді, Астанада да жетіспей жатыр, сондықтан ол да әсер етеді.

Расында да мегаполистерде бос жер телімдерінің азаюы жаңа нысандардың аз салынуына әкеп соғады. Ал барының бағасы қолжетімсіз. Риэлторлардың пайымдауынша, бұл тек жер тапшылығы емес, ішкі миграцияның да салдары.

САЯЖАН МҰҚАНОВА, РИЭЛТОР:

Енді пәтер бағасының өсуіне негізгі факторлар ол, біріншіден инфляция, екіншіден құрылыс материалдарының қымбаттауы. Одан кейін мынау қазір халық санының өсіп, ірі қалаларға көшуі халықтың, ол да бір сұранысқа әсер етеді, сұраныстың көбеюіне.

Алайда бағаның қалыптасуына тек ішкі емес, сыртқы факторлар да ықпал етеді. Құрылыс саласы әлі де импортқа тәуелді. Валюта бағамының құбылуы мен логистикалық қиындықтар шаршы метрдің құнын еселеп жіберді.

ТИМУР НҰРТАЕВ, "ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ" АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бірінші кезекте инфляция әсер етіп отыр. Бұл құрылыс материалдарының қымбаттуына әкеліп соғады. Олардың көбі шетелден алынады. Сәйкесінше, өзге валюталар құнсызданған сайын Қазақстанға да тікелей ықпал етіп, пәтер бағасы қымбаттайды.

Елдегі 18 қаланың 12-сінде пәтер қымбаттады. Әсіресе Көкшетауда баспана бағасы қатты көтерілген,  2,7 пайыз. Ал Астана мен Семейде 1,8 пайызға, ал Ақтауда 1,7 пайызға өскен. Ал Алматыда тұрғын үй құны орта есеппен 1 пайызға артты.