Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімшілігінің қызметкерлері далада қалмақ

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2026

Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімшілігінің қызметкерлері далада қалмақ.  Кеңес ауылында төрт мекеме жалға алып отырған жаңа  ғимаратты босатуға тура келіп тұр. Себебі,  үш айдан бері жалға алу ақысы да, коммуналдық төлем де жасалмаған. Ал "нысанды аудан әкімдігінің тапсырысымен салдым, құрылыс біткен соң сатып аламыз деген уәдеде тұрмады" деген кәсіпкер тақырға отырғанын айтады.

Кәсіпкер бұлай істеуден басқа амалы қалмағынын айтады. Осыдан бір жыл бұрын Меркі ауданының әкімі өзі ұсыныс тастап, 15 соттық жер бөліп, осында жаңа әкімшік ғимаратты өз қаражатыңа салсаң, кейін сатып аламыз деп келіскен көрінеді. Алайда  әкім ауысып кетіп, тағайындалған жаңа әкім түрлі сылтауды желеу етіп кәсіпкерді жанына жолатпапты.  Құрылысқа 7 айдай уақыт еңбек пен 100 млн теңгеден астам қаражат салған бизнесмен енді не істерін білмей дал.

АЗАМАТ КАТЕКОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Жерді бөліп берді мына мәдениет үйінің қасынан, қолыма проектіні берді. Ғимарат аяқталған соң конкурс арқылы сатып аламыз деді. 25 жылдың қазан айынан бастап бұл кісілер отыр. Міне қаңтар, ақпан, наурыз айы үш айға мен коммуналдық бүкіл шығынды өзімнің қалтамнан төлеп отырмын.

Жаңа ғимаратта 5 мекеме орналасқан. Енді кәсіпкер кеңсені жапса қырыққа жуық қызметкердің далада жүріп жұмыс істеуіне тура келіп тұр.  

БАУЫРЖАН БАЙДАУЛЕТОВ, КЕҢЕС АУЫЛЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ішінде вед врач та бар, милиция да бар. Әкімшіліктіке де бар, бухгалтересі де бар. Ақсақалдар төрағасы мен аналар төрағасы барлығымыз сол осы жерде жұмыс істеп жатырмыз. Егерде ғимарат жабылатын болса онда біз бәріміз, жұмысты тастаймыз болды. Кім жұмыс істейтінін өздері білсін одан кейін. Далада қаламыз.

РОЗА ДӘУЛЕТҚҰЛОВА, КЕҢЕС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Базада жабылмаған өтінішеріміз бар. Жұмысты қайда істейміз, қайда отырамыз каз бұл кісі босатса. 

Бұған дейін  құлауға шақ тұрған қазпоштаның ескі ғимаратында отырған. Онда көмір жағып, ыстың ішінде отыз жыл жұмыс істеген.  Енді көзіміз ашылды ғой дегенде,  бұл  жаңа ғимараттан шығып қалмыз ба деп қатты алаңдап отыр.  Ал жауаптылар Үкімет қаулысына сәйкес 2029 жылға дейін әкімшілік ғимараттарды салуға немесе сатып алуға шектеу қойылғанын айтады.  Бірақ, жұмысшыларды далада қалдырмаймыз дейді.  

ЕРНАР ӘБІЛДАЕВ, МЕРКІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл кісілер ғимаратты 2025 жылы салып бітірді. Аталған округте әкімшілік қажеттілігі бар. Бірақ мынау енгізілген мораторийға сәйкес сатып алуға мүмкіндік болмай отыр. Далада қалған қызметкерлерді қазіргі таңда қосымша сол ауылдың ішінен нысан іздеп жатырмыз. Сол жерден келісім шарт негізінеде жалдамалы түрде орналасатын боламыз.

Жеке кәсіпкерді ауыл ақсақалдары сабырға шақырып тағы уақыт беруін сұрады.  Мәселе шешілмесе,  нысанды босатып, бұрынғы ескі ғимаратқа оралатындарын айтты.