Астанада 100-ден астам көліктің мемлекеттік нөмірі талапқа сай болмай шықты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Елордада «Қауіпті жүргізуші» рейдтік іс-шарасы аяқталды. Рейд қорытындысы бойынша 2300-ден астам ереже бұзу дерегі тіркелді.

Жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында:

  • Техникалық регламент талаптарына сай келмейтін көлікті тізгіндеу -  300-ге жуық дерек;
  • Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін бұзу - 240-қа жуық;
  • Көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану - 160-тан астам;
  • Көлікті құжатсыз басқару - 44 жағдай және жүргізу құқығынан айырылғандардың рульге отыруы - 6 жағдай;
  • Қарсы бағытқа шығу - 20-ға жуық;
  • Бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кету - 80-нен астам;
  • Мемлекеттік нөмірі оқылмайтын немесе талапқа сай емес көліктерді пайдалану - 100-ден астам;
  • Маневр жасау ережелерін бұзу - 140-қа жуық;
  • Апаттық жағдай туғызу - 70-ке жуық. 

Мәселен, кешкі уақытта Үшқоңыр көшесінің бойында «Hyundai» маркалы көлігін мас күйінде айдаған 43 жастағы елордалық тұрғын ұсталды. Медициналық куәландыру оның алкогольдік ішімдік ішкенін растады. Сот шешімімен ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, көлігі коммуналдық тұраққа қойылды. Тағы бір 25 жастағы «Audi» көлігін тізгіндеген жүргізуші мас күйінде ұсталды. Ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Тәртіп бұзушылықтар тек жүргізушілер тарапынан емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылар тарапынан да болған. Мәселен, жаяу жүргіншілер жасаған 490 ереже бұзушылық тіркелді.

Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда барынша мұқият әрі тәртіпті болуға және жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.