Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.
– Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман – шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы мықты әрі беделді көшбасшы. Оның өз Отанын өркендетуді көздейтін көреген әрі прогрессивті стратегиясы, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде атқарған рөлі ең жоғары баға мен құрметке лайық, – деді Қазақстан Президенті.
Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейіл екенін айтты.
Ол жақында қол қойылған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ екі ел арасында Координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды.
Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасының өзекті екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елдерге тілектестігін білдірді.
Кездесу соңында Президент Қос Киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ыстық ықыласы мен сәлемін жолдап, бауырлас Сауд Арабиясы халқына бақ-береке тіледі.