Шымкенттік Нұрай Серікбайды өліміне күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін. Марқұмның туыстары осылай күдіктеніп отыр. Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, қарындасын пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан қазір тергеу изоляторында емес, психиатриялық мекемеде жатыр. Күдіктіге жасалған сараптама «психикалық ауытқу байқалады» деп берілген. Алайда, жәбірленуші тарап бұған сенбейміз дейді. Олар күдіктінің дені сау екеніне сенімді. «Жалған анықтама жасатып», жазадан құтылып кетеді ме деп қорқып отыр.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ:
Біріншісінде Шымкентте қаралған болатын. Справкада «психикалық ауытқуы байқалған» деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыға сараптама талап еттік. Ол жаққа барды күдікті, ол жақта да осындай справка берді. Енді шыны керек, бұл жерде симуляцияның максималды белгісі көрініп тұр. Өйткені қылмыскер кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, кәдімгі сау адам. Естігенім бойынша қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қосымша тәуелсіз сараптама қажет, тіпті шетелден сарапшы тарту керек дейді. Сондай-ақ құжаттар мен ұсыныстар Бас прокуратураға және Әділет министрлігіне жолданғанын атап өтті. Ал полиция «адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша» қамалған күдіктінің ісі бойынша тергеу барысы бақылауда деп мәлімдеді. Қазір оның психиатриялық емдеуде екенін растады.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады. Тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста: үздіксіз байланыс қамтамасыз етіліп, қабылданған процессуалдық шешімдер бойынша түсіндірмелер берілуде.