Әзілдеймін деп басы дауға қалды. Алматы облысында мектеп оқушылары әлеуметтік желідегі әрекеті үшін жазаланды. Бейнежазбада белгісіз адамның көліктен түсе сала жолда ойнап жүрген кішкентай баланы қуалай жөнелгені көрінеді.Оны көрген жұрт бала ұрламақшы болды деп дабыл қаққан.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен оқиға Алматы облысының Ащыбұлақ ауылындағы дәл осы көшеде болды. Белгісіз көліктен түскен адам жолда ойнап жүрген 5 жасар қызды қорқытқан. Ол әрекеті бейнекамераға түсіп қалыпты. Видеода бейтаныс адамның кішкентай баланы қуалағаны көрінеді.
Бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
БЛИЦ:
- Мынау не сұмдық? Қорқытпақ болған деген не нәрсе? Бұл адам ұрлығы емес пе?
- Сұмдық қой уже, далағағ сабаққа баруға да қорқып қалдық қой. Бірақ дұрыс, осындай видео жіберген адамға рахмет. Бұны білмесек ұрлайды, балаларға сақ болайық.
- Мүмкін педофилдер шығар. Дені дұрыс адам олай кішкентай баланы қорқытады ма?! Бір нәрсені айтпай тұр бұлар.
Ал куәгерлер жастардың әрекетінен қауіп байқамағанын айтады. Айтуынша, көлікте 3 адам болған. Оның - екеуі 11-ші сынып оқушысы, ал біреуі колледжде студент дейді. Бала қашып кеткен соң, көлікпен жүргендер де өз жөнімен кеткен көрінеді.
НАЗЕРКЕ ЖАМАХАН, КУӘГЕР:
Просто басқа бір адам көргенда басқаша түсініп қалған. Соның артында кетіп қалып тұрғо негізі. Пранк ешнәрсе болмаған. Негізі ауылымыз тыныш, жалпы тыныш. Ондай бала ұрлайтын ондай ситуациялар вообще болмаған, кездеспеген. Жай ғана түсініспеушіліктің жоқтығынан ғо. Бір-бірін түсіне алмаған содан.
Ал баланы қуа жөнелгендер туралы мектеп директоры екі тарап татуласқанын айтты.
АРАЙЛЫМ ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, ДИРЕКТОРДЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бұл оқиға 25 наурызда каникул кезінде болған. Иә, бізде каникул кезінде ата-аналардан қолхат жазылған. Ата-ана баланың қауіпсіздігіне, тәртібіне өздері жауап береді. Сабақ басталғаннан бастап психологтар жұмыс жасап жатыр. Оларға арнайы папка ашылды. Тәртіптері жақсы балалар олар.
Десе де оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тараған соң полиция тексеру жүргізген. Көлікті тәркілеп, айып тұрағына қойған. Ал оқиғаға қатысушылардың ата-аналары жауапқа тартылды.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бейнебақылау камералары арқылы көлік құралы және оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, олар аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Кәмелетке толмағанмен және олардың заңды өкілдерімен осындай жағдайлардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Заңда адамды қорқыту немесе мазасын алу ұсақ бұзақылық ретінде қаралады. Мұндай жағдайда айыппұл немесе әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.