Таразда оқушы қыз әкесін сотқа берді

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2026

Таразда оқушы қыз әкесін сотқа берді. Өйткені анасы мен ағасының қазасынан кейін жетім қалған ол қаржылық қиындықтарға тап болған. Ал әкесі 2008 жылы екі баласынан ата-ана құқығынан нотариалды түрде бас тартқан екен. Сот бұрын қызына көмектеспеген әкені алимент төлеуге міндеттеді. 2018 жылы анасы мен ағасы қайтыс болғаннан кейін қыз әжесінің қамқорлығында болған. Қазір 11-сыныпта оқып жүрген ол сотқа жүгінуіне тура келген. Айтуынша, әкесі осыған дейін ешқандай көмек көрсетпеген. Өз бетінше   хабарласып көріпті. Өкініштісі туған қызымен байланысудан қашып, тіпті телефон нөмірін бұғаттап тастаған. Алименттік төлемді азайту үшін жеке кәсіпкерлігін жауып жалтару амалына да барған көрінеді. Сот барысында ер адам алимент мөлшерін азайтуды сұрап, басқа некеден туған төрт бала және несиелері барын айтып жыларман күйге түскен. Сот оның еңбекке қабілетті екенін және бірнеше кәсіптен табыс табатынын анықтады. Соңында сот  қызы мектеп бітіргенге дейін ай сайын 17 АЕК яғни 66 844 теңге алимент өндіру туралы шешім шығарды. Қызынан ақшасын аяған әке сот шешіміне шағымданса да өзгеріссіз қалдырды.