Мемлекеттік құпияны таратқандарға жаза күшейеді

Мемлекеттік құпияны таратқандарға жаза күшейеді. Мәжіліс  депутаттары мемлекеттік органдарда ел құпиясын сақтауды қатаңдататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұған құпияға жауапты қызметкерлердің қателіктері мен ескертусіз шетел асып кететін ағат әрекеттерінің жиілеуі себеп болған. Заңға сәйкес, құпия ақпаратты сақтау талабын қайталап бұзғандарға айыппұл екі есе көбейеді. Мәжілістегі мән-жайды тілші Айсәуле Съезбек тарқатсын.

Мемлекеттік күзет қызметіне жаңа өкілеттілік беріледі. Енді арнайы жасақ айтқанын тыңдамай,  қызметіне кедергі келтірген азаматтарға бірден әкімшілік хаттама толтыруға құқылы. Бұған себеп – шетел президенттері елордаға келгенде бас көшелеріндегі қауіпсіздік талаптарына пысқырмайтындардың көбейгені себеп, - дейді депутат Болат Керімбек. Ведомство қызметкерлерінің нұсқамасын елемегендердің жазасын сот шешеді.

БОЛАТ КЕРІМБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл – ұлттық қауіпсіздікті арттыру үшін.  Екіншіден, кез келген мемлекеттің бірінші басшылары Қазақстанға келген соң Қазақстан тарапынан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезекте. Кейбір азаматтар тарапынан соны ескермей, кейде әдейі орындамай жататын тұстары болады. Ескерту жасалады. Ауыр дүниелер болып жатса, әкімшілік айыппұлдарға барады. Немесе қылмыстық шараларға дейін барады.

Сонымен қатар, экстремистік деп танылған ақпараттық кітап-құралды таратуға, қайта басып, сыйлыққа беруге, сақтауға тыйым салынады.   Бұл әдебиеттердің тізімін бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің сайтынан тексеру керек. Білместікпен тыйым салынған кітапты оқығандар жауапкершіліктен босатылмайды.  Ал депутат Нартай Сәрсенғалиев қымбатшылықтың қамыты қысқан шақта коммуналдық тарифтердің өсуіне Үкімет жол бермеуі тиіс деп дабыл қақты. 

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін премьер-министрдің атына ресми хатымды жолдадым. Бүгін бірінші сәуір коммуналдық төлемдерге, дизель, АИ-92 бензинінің қымбаттауына  қарсы мараторий бітті бүгін. Коммуналдық төлемдер саласында табиғи ресурстарға, табиғи монополияға жауапты субъектілер бар ғой бізде.  Солармен жұмыстануымыз керек. Оларға бағаны еселеп арттыруға мүмкіндік бермей, тоқтатуымыз керек. +Елдің барлығы тұтынатын дүниенің барлығын мемлекет өзі қадағалау керек. Иә, еркін нарыққа жіберейік деп айта береді. Олай болмайды.

Ал AMANAT фракциясы моноқалаларда дәрігер жетіспеушілігін жою үшін  әлеуметтік өтемақы төлеуді ұсынды.  Ауылға барған жас мамандар қаржылай қолдаудың арқасында жұмысқа тұрақтап қалады. Былтырдың өзінде 1300-ден астам дәрігер көмек алды.  Бұл тенденция елдегі 20 моноқалаға да ауадай қажет. Мәселе шешілсе, 1,4 млн тұрғын денсаулық сапасы жақсарар еді.