Бүгін - Күлкі күні. Алайда қазіргі "әзілдің" бағасы тым қымбаттап кетті. Лайк үшін өзгенің зәресін алған пранктердің соңы темір торға тірелуде. ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері елімізде 400-ден астам пранкер жауапқа тартылды. Оның көбіне айыппұл салынып, кейбірі 15 тәулікке қамалды. Күлкі мен қылмыстың аражігі қайда? Әріптесім Үсен айтады.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Секундтаған видеолар, мыңдаған қаралым, арзан атаққұмарлық. Танымал болудың ең қысқа жолын іздейтін бүгінгі жастар дәл осындай пранк түсіріп, өзгенің өмірін қатерге тігуде. Тек олар түсінбейді, әзіл аНықталған жерде жауапкершілік пен заң бар екенін білмейді.
Пранкер үшін бұл жай ғана контент, ал кездейсоқ кейіпкер үшін күтпеген жарақат. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бір жылда елімізде жасөспірімдер арасындағы бұзақылық фактісі екі еседен астамға өскен. Бұл - әрбір екінші "сәтсіз әзілдің" артында нақты адамның тағдыры мен денсаулығы тұр деген сөз. Орынсыз қалжыңның құрбаны болғандардың дені кейін ұзақ уақыт бойы күйзелістен арыла алмайды. Солардың бірі аты-жөнін жасыруды өтінген біздің кейіпкеріміз.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Иә, әлеуметтік желіде мыңдаған қаралым жинаған пранктің куәгері болған шығарсыздар. Мен сол пранктың өмірде куәгері болғанмын сол жағдайдан кейін, сол пранктан кейін менің ұйқым бұзылды бір неше апта қорқынышты түстер көріп ұйықтай алмай жүрдім. Одан кейін психологтың көмегіне жүгінуге тура келді.
Психологиялық соққы мен денсаулықтың сыр беруі -"хайптың" адам айтқысыз зардабы. Бүгінде қоғамда мұндай ессіз әрекеттерге тосқауыл қою туралы талап күшейді. Себебі, қолданыстағы заң тетіктері желідегі жүгенсіздікті толық тізгіндей алмай отыр. Осы ретте халық қалаулылары мәселені жүйелі түрде шешуді ұсынады. Депутат Нартай Сәрсенғалиев пранкерлердің бетімен кетуін тоқтату үшін заңды қатайту қажет деп санайды
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Өлшемге өресі жетпейтіндерді заңмен тұсайтын кез келді. Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажет. Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек. Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет.
Бұл- тек ұсыныс емес, уақыт талабы. Тәртіп сақшылары кез келген пранктің астарында құқық бұзушылық белгілері бар-жоғын жіті тексеруге көшті.
ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Ішкі істер министрлігі ескертеді: қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, дүрбелең туғызатын немесе зиян келтіретін, сондай-ақ адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек. Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер -бұл өнер емес, бұл - заң бұзушылық.
Түйін біреу- арзан "хайптың" соңы қымбат жазаға соқтыруы мүмкін. Лайк пен қаралым тез ұмытылады, ал заң алдындағы таңба өмір бойына қалады.