Қазақстанда 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Бұл- кадр даярлау жүйесін толық қайта құруға бағытталған ауқымды реформаның бастамасы. Бұл туралы Аида Балаева мәлімдеп, қазіргі білім беру жүйесі заман талабынан қалып қойғанын ашық айтты. Оның сөзінше, технологияның қарқынды дамуы, соның ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыру еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп, жаңа талаптар қалыптастырып жатыр. Үкімет жүргізген кешенді талдау да жағдайдың күрделі екенін көрсеткен. Алдағы 10 жылда елде білікті мамандар тапшылығы туындауы мүмкін. Қазірдің өзінде кей салаларда кадр жетіспесе, енді бірінде керісінше артық маман дайындалуда. Білім беру бағдарламалары да шамадан тыс көп. Осыған байланысты тиімсіз әрі қайталанатын бағдарламалар қысқартылып, олардың орнына сұранысқа ие жаңа бағыттар енгізілмек.
АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Педагогикалық білім беру саласына ерекше басымдық беріледі. Қазіргі заманғы ұстазға жүктелер жауапкершілік айрықша. Олар – білім беріп қана қоймай, рухани құндылықтар мен Әділетті Қазақстан идеологиясының, жаңа технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллект, цифрлық ортадағы этика мен қауіпсіздіктің жетекшісі. Осыған байланысты педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметі түбегейлі қайта өзгереді. Олар адами капиталды дамытудың және жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс.
Студенттердің тәжірибелік дайындығы күшейтіледі. Оқу барысында жұмыс орнында тәжірибе жинау үлесі артып, мемлекеттік гранттар нақты өңірлік сұранысқа сай бөлінетін болады. Министрдің айтуынша, бұл өзгерістердің барлығы елді жаңа деңгейге көтеріп, болашақ экономикаға қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған.