Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары төрт аяқты әріптесі - Источник Счастья Виллингтон атты лабрадорды құрметпен зейнетке шығарып салды. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде лабрадор 10 жылдан астам қызмет атқарды. Ол іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, қар көшкінін түсіру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті, сондай-ақ профилактикалық рейдтерге қатысты.
«Біз оны Вилли деп атаймыз, енді ол күрделі қызметтен демалып, көбірек серуендейтін болады. Ол кинологтың үйінде тұрады, сондықтан оның болашағына алаңдауға негіз жоқ», - деді ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының басшысы Игорь Лапенлавский.
Салтанатты шығарып салу рәсіміне құтқарушылар мен Жедел-құтқару жасағының кинологиялық қызметіндегі басқа да төрт аяқты әріптестері қатысты. Виллиге адал қызметі үшін алғыс айтылып, зор қошеметпен зейнетке шығарып салынды.