Семейде көпбалалы ана адам саудасы үшін сотталды. «Күміс алқа» иегері атанған әйелдің ауыр қылмысқа барғаны жұртты елең еткізді. Тергеу мәліметінше, ол базарлар мен вокзалдарды жағалап, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды аңдыған. Сеніміне кірген соң, оларды түрлі сылтаумен алдап, кейін шаруа қожалықтарына 100 мың мен 400 мың теңге аралығында сатып отырған. Сот барысында осындай 5 дерек толық дәлелденді. Кейбір жәбірленушілердің еркіндігі шектеліп, қысым көргені де анықталған. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Тіпті жәбірленушілердің өзі сотта оны кешіріп, қатаң жаза қолданбауды сұраған. Алайда сот қылмыстың ауырлығын ескеріп, әйелді 6 жылға бас бостандығынан айырды.