Шымкентте ер адам туыстарының балаларын бірнеше күн зорлаған. Бұл туралы әлеуметтік желіде белсенді құқыққорғаушы Ләззат Ракишева жариялады.
Оның дерегінше, бұл жағдай қорға шағымданған әйелдің перзентханада жатқан сәтінде болған. Туыстарына сеніп қалдырған 9 жасар ұлы сол кезде зәбір көрген көрінеді. Ер адам одан бөлек тағы бір туысының ұлына да бірнеше күн қатарынан азғындық әрекет жасаған дейді. Қазір бұл жағдаймен құқық қорғау органы айналысып жатыр. Полиция қала тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері туралы арызы бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені жүргізілуде.Тергеу барысында куәгерлер мен іс үшін маңызды басқа да тұлғалардан жауап алынды, сондай-ақ бар материалдар тәркіленіп, жан-жақты зерттелуде. Істің барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.