Соңғы екі жылда INTERPOL желісі арқылы шет мемлекеттерде 300-ден астам адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов айтты. Құқық бұзып, елден қашқандарды ұстау географиясы кеңеюде. Сенаторлар бүгін Перу республикасымен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялады. Енді екі ел арасында сотталғандарды беру тәртібі жеңілдейді.
БАУЫРЖАН ӘЛЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Азаматтар ТМД ғана емес, одан алыс шет мемлекеттерде де ұсталып жатыр. Мысалы, ақпан айында Индонезияда Атырау облысында төрт адам өлтірді деген күдіктілер ұсталып, интерпол Қазақстанның және интерпол Индонезияның қарым-қатынасы арқасында наурыз айында Қазақстанға жеткізіліп, қамауға алынып, қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер министрлігі Интерпол тізіміндегі деректерді де тұрақты тексеріп отырады. Кейде ұйымның ережесі мен жарғысына сәйкес мәліметтер базадан жойылып кетеді. Қазақстан тарапы оған қарамастан халықаралық іздеудегі азаматтарды елге қайтару жұмыстарын бір сәтке тоқтатпайды, - деді министрлік өкілі.