Жол апатына түскен жүргізушілерді психологиялық тестен өткізу керек, - М.Қожаев

Жол апатына түскен жүргізушілерді психологиялық тестен өткізу керек. Сенаторлар  жиі жол ережесін бұзатындардың мінез-құлық моделі мен жол қозғалысына қатысу қабілетін тексеруді ұсынды. Ресми дерекке сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады. Оның ішіндегі ең негізгі себеп – жылдамдықты шамадан тыс асыру. Депутат Марат Қожаевтың айтуынша, қазіргі камералардың тиімділігі төмен. Жүргізушілер құрылғыға жақындағанда жылдамдықты азайтып, одан өте бере қайта басады. Сондықтан  бүкіл жол учаскесін бақылауға мүмкіндік беретін орташа жылдамдықты есептеу жүйесін елдімекендерде де енгізу қажет.

МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:  

Жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын тұлғаларға көлік құралын басқаруға рұқсат беруді бағалаудың принципті жаңа, тәуекелге бағытталған тәсілін енгізуді бөлек ұсынамыз. Оның ішінде тәуекелге және агрессивті мінез-құлыққа бейімділігін анықтауға арналған психологиялық тестілеу, көлік құралын басқару қауіпсіздігіне әсер ететін мінез-құлық факторларын бағалау, сондай-ақ халықаралық тәжірибеде қолданылатын өзге де құралдарды пайдалану қарастырылуы тиіс.