"Жер қойнауын зерттеудің сабақтастығы үзіліп қалуы мүмкін", - сарапшы

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2026

Балғамен ұрып, картаға қарап кен іздейтін геологтардың дәуірі артта қалды. Енді жер қойнауын зерттеуге жасанды интеллект пен заманауи технологиялар көмектеседі. Бірақ саладағы цифрлық төңкеріске қарамастан, шешілмей тұрған түйткілдер жетіп артылады. Мәселен, кадр тапшылығы мен кен орындарының аздығы геологияның дамуына кедергі келтіріп отыр. 

Қазыналы саланың қарқынды дамуына тұсау болып отырған кедергілер көп. Соның бастысы - кадр тапшылығы. Бүгінде геология саласына бет бұратын жастардың қатары сиреген. Сарапшылар жас буынды кәсіби бағдарлау мен әлеуметтік қолдау тетіктері күшейтілмесе, жер қойнауын зерттеудің сабақтастығы үзіліп қалуы мүмкін дейді.

ЕРЛАН ҒАЛИЕВ, "ҰЛТТЫҚ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Тек қана Қазақстанда, Орталық Азияда емес бүкіл дүниеде ол қазір үлкен проблема геологиядағы, тау–кен саласындағы кадрладың мәселесі.

Саланың екінші бір өзекті мәселесі - кен орындарының аздығы. Кеңестік кезеңнен қалған қорлардың басым бөлігі игеріліп, таусылуға жақын. Ал жаңа кен көздерін табу үшін орасан зор инвестиция мен терең геологиялық барлау жұмыстары керек. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның жер қойнауы әлі де зерттелмеген тың аймақтарға толы, бірақ оларды анықтау үшін заманауи технологиялар мен халықаралық серіктестік ауадай қажет.

ҚАДЫРЖАН ҚАУЫЛДАШЕВ, «KAZAKHMYS BARLAU» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл форумның басты мақсаты - отандық геологияның әлеуетін паш ете отырып, еліміздегі жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік инвесторларды тарту. Бүгінде Қазақстанда геология саласы ілгері басып, даму жолына түсті деп нық сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар, жиынның маңызды бағыттарының бірі - шет елдермен тәжірибе алмасу.

Ұлттық компаниялар арасында геологиялық зерттеулерді дамытып, бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған меморандумдар бекітілді. Жаңа серіктестіктер салаға серпін береді деп күтілуде.