Астанада жәндіктерге қарсы маусымдық залалсыздандыру жұмыстарына дайындық басталды. Қаланың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ауқымды дезинФекциялық шараларды өткізуге толық дайын. Биыл жұмыстар алты кезең бойынша жүргізіліп, заманауи техника қолданылады. Толығырақ алдағы сюжетте.
Бас шаһарда жәндіктерге қарсы маусымдық күрес жұмысына дайындық қызу. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта энтомологиялық зерттеулер жүргізілуде. Яғни Астана аумағында жәндіктердің дернәсілдерінің бар-жоғы және су айдындарының жағдайы зерттеліп жатыр. Бұл деректер алдағы залалсыздандыру кезеңдеріне тиімді дайындалуға және нақты шараларды анықтауға мүмкіндік береді.
АЗАТ ТҰРАПБАЕВ, ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Біз су айдындарының жағдайы мен дернәсілдердің санын бақылап отырмыз, бұл өңдеу жұмыстарына барынша тиімді дайындалуға мүмкіндік береді. Осы арқылы техниканы және мамандарды дұрыс бөліп, қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай қамтамасыз етіледі.
Залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының екінші жартысында су айдындарынан басталады. Күн сайын 120-ға дейін дезинфектор мен арнайы техника, соның ішінде агродрондар мен моторлы қондырғылар жұмылдырылады. Жалпы маусым алты кезеңге бөлінген - сәуірден қыркүйек-қазан айларына дейін, ауа райына байланысты жүргізіледі. Алдымен жәндіктердің көбею көздері - су айдындары өңделеді, кейін саябақтарда, скверлерде және тұрғын аудандарда ересек жәндіктер жойылады.
АЛТЫНБЕК МЕРТАСОВ, «СТОЛИЧНАЯ ДЕЗИНФЕКЦИЯ» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Алдымен залалсыздандыру көбею көздерінде — су айдындарында жүргізіледі, одан кейін жәндіктердің ересек түрлеріне қарсы, яғни саябақтарда, скверлерде, тұрғын аудандарда, жолдарда және басқа жерлерде өңдеу жүргізіледі.
Жалпы алғанда, барлық шаралар жәндіктер санын азайтуға және көктем-жаз мезгілінде қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.