«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында кең көлемді тазалық жұмыстары әр өңірде қарқынды жүруде. Алматы қаласында қоршаған ортаны көркейту мақсатында ағаштар әктеліп, қала келбеті жаңара түсті. Қарағанды мен Павлодарда белсенді тұрғындар қоқыс жинады. Шымкент қаласында 80 түп көшет егілді. Мұндай жұмыстар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері мен «Жастар рухы» белсенділері оқу орнының айналасындағы 100-ге жуық ағаштың түбін әктеп, аумақты қалдықтардан тазартты. «Ақ шатыр» кешеніндегі ауқымды іс-шарадан кейін сахна маңы мен көрермен орындарын ретке келтіруге ерекше көңіл бөлінді.
АЯУЛЫМ СМАН, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОРТАЛЫҚ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жалпы бұл акция бізде әр апта сайын тұрақты өтіп жатыр. "Таза Қазақстан" біз үшін тек тазалық акциясы емес, күнделікті өмір салтымызға айналып келе жатыр, яғни әр бейсенбі сайын, әр сенбі сайын қаламыздың көрікті орындарына барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз.
Экологиялық эстафетаны қарағандылық еріктілер жалғастырды. Акциясы аясында 40-қа жуық белсенді Әлихан Бөкейхан ауданындағы аулаларды қоқыстан аршыды. Бір күннің ішінде 50 қап тұрмыстық қалдық жиналып, қыс айларынан қалған жапырақтар мен қоқыстар полигонға жөнелтілді.
ҚЫМБАТ СҮЛЕЙМЕНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ “ЖАҢА МАЙҚҰДЫҚ” БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгін біз “ AMANAT” партиясының мүшелерімен және еріктілермен бірге “ Таза Қазақстан” акциясы аясында “Таза бейсенбілікке” шықтық. Біздің мақсатымыз - қаламызды қоршаған ортамызды таза ұстау. Барлық қарағандылықтарды осы іс- шараға ат салысуға шақырамын.
Ал Шымкент қаласында тазалық іс-шарасы көгалдандыру жұмыстарымен ұласты. «AMANAT» партиясының бастауымен Қаратау ауданындағы Нұртас шағын ауданы ретке келтірілді. Партия өкілдері мен коммуналдық қызмет жұмысшылары аумақты күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, жас көшеттер отырғызды. Бұл іс-шара қаланың экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, жастардың табиғатқа деген жанашырлығын оятуды көздейді.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгін біз тоғызыншы мәрте өткізіп жатырмыз, осы жылдың басынан бері. 8 тоннаға жуық қоқыстан қаламыз тазартылды. Біз бірінші кезекте осы қала қонақтарын, өзіміздің тұрғындарды, азаматтарды қаламызды таза ұстауға шақырамыз. Әрі қарайда экологиялық таза қалаға айналуға атсалысатын боламыз.
Павлодарлық жастар Гагарин саябағында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді. Белсенділер қыстан қалған күл-қоқыс пен маусымдық қалдықтарды толықтай тазартты. «Жастар рухы» қанатының өкілдері мұндай «Таза бейсенбі» акциясын әр апта сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді
ЖАНАҚ ЗАЯТОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ “ЖАСТАР РУХЫ” ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:
Мақсатымыз тазалық сақтау, тұрғындарға жақсы қолайлы жағдай жасау. Бұның барлығы қоғам үшін пайдалы болады деген сенімдеміз. Осы шараға қырықтан астам адам қатысып жатыр.
Еліміздің барлық өңірінде өткен «Таза бейсенбі» акциялары қоршаған ортаны қорғауға және жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Белсенділер тазалық жұмыстары бұдан былай да тұрақты түрде жалғаса беретінін айтады.