Жетісу облысында екі есірткі зертханасы әшкереленді

фото: Polisia.kz.

Жетісу облысында полиция екі есірткі зертханасын әшкереледі.  Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласында екі есірткі зертханасының қызметін әшкерелеп, жолын кесті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бір қылмыстық схема аясында әрекет еткен 31 және 21 жастағы екі шетел азаматы ұсталды. Тергеу барысында олардың синтетикалық есірткі заттарын дайындаумен айналысқаны анықталды. Тінту кезінде зертханалық құрал-жабдықтар, химиялық реагенттер, сондай-ақ өткізуге дайындалған 1,3 келіден астам мефедрон тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға, соның ішінде ұйымдастырушыны және басқа да қатысушыларды әшкерелеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция ескертеді: есірткі құралдарының заңсыз айналымы міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.